Ақтөбе облысында локомотив депосының бастығы сотталды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында пара алғаны үшін айыпталған "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "Батыс" филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығы сотталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Антикорға сілтеме жасап хабарлйды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасындағы мәліметке сүйенсек, Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "Батыс" филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығына қатысты үкім шығарған.
"Ол локомотив депосының кадрлар жөніндегі делдал-менеджері арқылы бір адамды тепловоз машинисінің көмекшісі лауазымына орналастыру үшін 1,5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, осы үкіммен делдал 1 жылға 6 айға, ал пара берген адам және оның көмекшісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190993-aqtobe-oblysynda-lokomotiv-deposynyng-bastygy-sottaldy/