ІІМ өкілдері жылыту маусымына байланысты үндеу жасады (видео)
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі өкілдері қазақстандықтарға жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, биыл жылыту маусымы басталғалы бері елде электр жылытқыштарын дұрыс пайдаланбауға байланысты бірнеше қайғылы оқиға болып, кемі 16 адам көз жұмған.
"Қостанай облысында бір жағдайда бес бала, екіншісінде төрт адам қаза тапты, оның үшеуі кәмелетке толмаған. Ақмола облысында үш адам қаза тапты, оның екеуі балалар. Астана қаласында төрт бала көз жұмды", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Осыған орай, министрлік өкілдері қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берді.
"Жылыту пешінің жағдайын тексеріңіз. Егер қандай да бір зақым немесе ақаулар анықталса, оларды дереу жою үшін шара қолданыңыз. Балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыз. Есіңізде болсын, балалар қауіпті жағдайды дұрыс бағалай және туындаған мәселелерді өз бетінше шеше алмайды.
Электр құралдарын қараусыз қосулы қалдырмаңыз. Тіпті оларды аз уақытқа бақылаусыз қалдыру өрттің шығуына әкеп соғуы мүмкін. Сізден жылыту құрылғыларын пайдалануға және үйіңізде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Өзіңізге және жақындарыңызға сақ болыңыз!" - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Қазақстанда жылыту маусымы әдетте қазан айында басталып, наурыз-сәуір айларына дейін созылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191094-iim-okilderi-zhylytu-mausymyna-bailanysty-halyqqa-undeu-zhasady-video/