Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте биыл екі жаңа индустриалды аймақ іске қосылған

Жарияланған күні:

Ғабит Сыздықбеков
Ғабит Сыздықбеков. Фото: Шымкент өңірлік коммуникациялар қызметі

Шымкентте биыл 438 гектар аумақта 2 жаңа индустриалды аймақ іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты.

Шымкент әкімінің айтуынша, қазіргі таңда қалада іске асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында Coca-Cola трансұлттық компаниясының бейалкогольді сусындар өндірісі бар. Оның құны 27 млрд теңге, қуаттылығы жылына 262 млн литр. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.

Одан бөлек әкімдік Wan Sheng Ceramics компаниясымен бірлесіп, жылына 13 млн керамикалық плитка шығару жобасы қолға алған. Оның құны 25,5 млрд теңгені құрайды, ал жоба аясында 350 жұмыс орны ашылған.

Ғабит Сыздықбековтің сөзінше, биыл 438 гектар аумақта 2 жаңа индустриалды аймақ іске қосылды.

"Бірінші – "Жұлдыз" индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика және мебель өнеркәсіптері шоғырланған. Облыста жалпы құны шамамен 166 миллиард теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады.

Екінші – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған "Бозарық" азық-түлік өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда 25 жоба жүзеге асырылады, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 44 млрд теңге инвестиция салынады.

Бүгінгі таңда индустриалды аймақтардың саны жетіге жетті. 293 жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қала экономикасына 225 млрд теңге инвестиция тартылды",- деді Ғабит Сыздықбеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191217-shymkentte-biyl-eki-zhanga-industrialdy-aimaq-iske-qosyldy/