Көліктерді теуіп, есіктерді сындырған: Астанада вандалдар видеоға түсіп қалды
Жарияланған күні:
Астанада вандализм актілері мен қоғамдық тәртіпті бұзушылықтардың жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Полицейлер вандалдарды тауып, жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
12 қараша кешкісін университет ғимаратында ашуға булыққан 32 жастағы ер адам ағаш есікті ұрып, зақымдаған.
17 қарашаға қараған түні 37 жастағы азамат полиция ғимаратында кезекші бөлімде қолымен терезені сындырған.
18 қараша кешкісін 42 жастағы азамат біреудің көлігіне зақым келтірген. Бірнеше сағаттан кейін 36 жастағы басқа адам мас күйінде басқа аудандағы көлікті зақымдаған.
Олардың барлығы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 147-1-бабы), ондағы залал 200 АЕК немесе 690 мың теңге сомасынан аспайды. Жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, қала тұрғындары қолдаған "Тоқта, вандал" науқаны аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Науқанның мақсаты - вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.
Жыл басынан бері сот 270-тен астам адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.
Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191497-kolikterdi-teuip-esikterdi-syndyrgan-astanada-vandaldar-videoga-tusip-qaldy/