Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маған SMS-кодты айтпаңыз": Қазақстанда алаяқтар жаңа айла-шарғы ойлап тапты

Жарияланған күні:

Телефон алаяқтары
Алаяқ. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандықтар SMS-кодты ешкімге айтуға болмайтынын жақсы біледі, алайда мұнда да алаяқтар айласын асырып отыр. Енді олар жәбірленушіден кодты қоңырау шалушыға емес, "роботқа" айтуды сұрай бастаған. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Телефон арқылы арбайтын алаяқтардың ортақ белгісі – жәбірленушіден құпия ақпаратты беруді сұрайды. Әдетте, олар 1414 нөмірінен немесе әртүрлі қаржы компанияларынан (банктер, микроқаржы ұйымдары) келетін SMS-кодтарды білуге тырысады.

Дегенмен қазақстандықтардың мұндай жағдайларға еті үйренген: алаяқтардың айласына түспей, үшінші тұлғаларға ешқашан кодты айтуға болмайтынын жақсы біледі.

Алайда NUR.KZ оқырманы Дарьяның (аты өзгертілді) айтуынша, алаяқтар жәбірленушіні алдаудың жаңа түрін ойлап тапқан.

Қауіпсіздік мақсатында

Оқырманның айтуынша, ол бір жыл бұрын қазақстандық операторлардың бірінен телефон нөмірін сатып алған. Нөмір оның атына тіркелгенімен, Дарья оны анасы Еленаға (аты өзгертілді) әртүрлі медициналық, сақтандыру және мемлекеттік қызметтерді алу үшін ғана пайдаланған.

"Мен бұл нөмірді ешкімге берген жоқпын және одан қоңырау шалған да емеспін. Тек менің смартфонымнан осы қызметтерді алуға қажет болды, соған қарамастан нөмірім алаяқтардың қолына түскен", - дейді Дарья.

Қараша айында оған белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін ұялы байланыс операторының менеджері ретінде таныстырады. Қоңырау шалушы таныс айланы қолданған: "Нөміріңіздің қызмет мерзімі аяқталуға жақын, қолайлы тариф таңдап, бірақ оны ұзартуға болады", - деп сендірген.

"Бұл айла бұрыннан белгілі, мен білмегендей сыңай танытайын дедім. Қоңырау шалушы ресми серіктесі eGov Mobile-дан – 1414 нөмірінен SMS-код келетінін айтты.

Сол уақытта ол: "SMS-кодты айтпаңыз, бұл құпия ақпарат, мен сізді роботқа қосамын, дыбыстық сигналдан кейін соған кодты айтыңыз" деп ескертті. Әрине мен үндемедім және ештеңе айтпадым, өйткені SMS-тің өзінде "Кодты ешкімге айтпа!" деп тұр.

1414-тен келетін SMS-код
SMS-код. Фото: NUR.KZ

Кейін оператор қайта қосылып: "Робот кодты естімей қалды, қайта айтыңыз" деп өтінеді. Менің мұндай SMS кодтарын үшінші тұлғаларға беруге болмайды деген қарсылығыма жауап ретінде ол мені көндіруге тырысты, eGov олардың ресми серіктестері екенін, дауысты робот қауіпсіз екенін, код қызметке тіркелу үшін қажет екенін атап өтті. Мен ештеңе айтпаймын деп, телефонды қоя салдым", - дейді Дарья.

Мұндай айла-шаралар қазақстандықтар үшін өте қауіпті болуы мүмкін, өйткені алаяқтар код арқылы жеке деректерге қол жеткізіп, оны несие рәсімдеуге пайдаланады. Кімге болмасын, тіпті роботқа да ешқандай кодты айтуға болмайтынын тағы да ескертеміз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191820-magan-sms-kodty-aitpangyz-qazaqstanda-alaiaqtar-zhanga-aila-shargy-oilap-tapty/