Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте жыл басынан бері 15 адам газдан уланып қайтыс болған

Жарияланған күні:

Жанып тұрған газ плитасы. Көрнекі сурет
Жанып тұрған газ плитасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Шымкентте қысқы жылыту маусымындағы қауіпсіздік жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Дегенмен жедел жәрдем қызметкерлері жыл басынан бері 15 адамның газдан уланып қайтыс болғанын айтып отыр. Сондықтан да төтеншеліктер тұрмыстағы жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында ерекше профилактикалық шараларды өткізуге көшті, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Шымкентте 3 адам тұрмыстағы өрт салдарынан қайтыс болған. Бұл жыл басынан бері тіркелген дерек. Төтеншеліктер жалпы болып жатқан өрттің жартысынан көбі тұрмыстық жағдайдағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайтынын айтты.

"Жылыту маусымы аясында тұрмыстағы мүмкін болатын төтенше жағдайлардың алдын алу үшін рейдтік іс-шаралар күшейтілді. Аталған шараның басты мақсаты тұрмыстағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Себебі жыл басынан бері болған өрттердің 53 пайызы немесе 144 фактісі дәл осы тұрмыстағы өрттерге тиесілі. Өрт салдарынан 3 адам мерт болып, 9 адам жарақат алды", - деді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Жылыту маусымындағы тағы бір басты мәселелердің бірі — газдан улану. Жедел жәрдем қызметкерлері жыл басынан бері 15 адамның газдан уланып қайтыс болғанын айтып отыр. Олар қыс мезгілі енді басталатындықтан бұл сан әлі де көбеюі мүмкін дейді.

"Үйді жылыту кезеңіне байланысты көмірқышқыл газымен улану шақыртулары өте көп түседі. Менің айтарым, мұқият болыңыздар. Жылына бір рет 104-ке хабарласып, газ колонкаларыңызды тексертіп отырыңыздар", - деді жедел жәрдем қызметкері, кезекші аға дәрігер Айтолқын Бектаева.

Қазір сала мамандары профилактикалық жұмыстарды ерекше әдіспен өткізуге көшкен. Төтеншеліктер кезекті түсіндіру жұмыстарын дронның көмегімен жүргізді. Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелері аппаратта орнатылған дауыс зорайтқыш құрылғысы арқылы қала тұрғындарына жеткізілді.

Шараға қалалық газ техникалық қызметінінің мамандары да қатысқан. Олар тұрғын үйлердегі газ жабдығының техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін тексерді. Сондай ақ жауаптылар құрылғылар талапқа сай орнатылмаса, газ беру тоқтатылатынын да ескертті.

"Ескерту жасалады. Содан кейін қай бөлмеде орналасқан газ болса, соған газ беру тоқтатылады. "ҚазақГазАймақ" қызметкерлері ол жерге пломба қойды. Айтылған кемшіліктерді орындамайынша, ол жерге газ берілмейді. Барлық үйге газ беруді тоқтатпаймыз. Өйткені күнделікті тұрғын тамақ пісіру керек, асын ішу керек", - дейді Шымкент қаласы газ-техникалық қызметінің инспекторы Сауранбек Мырзабаев.

Ал төтеншеліктер іс-шара барысында тұрғын үйлерге газ анықтағыш құрылғыларды орнатты. Олар бұл жұмыстар азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттырып, жылу беру маусымында өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталған дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191905-shymkentte-zhyl-basynan-beri-15-adam-gazdan-ulanyp-qaitys-bolgan/