Ашық есік күнінде билік өкілін сағаттап күткен кей астаналықтар сұрағына жауап ала алмай кетті
Жарияланған күні:
Астана қаласының прокуратурасы, полиция департаменті, жергілікті әкімдік тұрғындарды ашық есік күніне шақырды. Алайда әкімдік өкілін сағаттап күткен халық сауалына жауап алмай қайтты. Шараны ұйымдастырған Астана қаласының прокуратурасы келген барлық тұрғынның арызы қабылданғанын, оларға міндетті түрде жауап берілетінін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері ұйымдастырған ашық есік күніне жиналған халықтың қарасы көп болды. Жеке бастың мәселесі ғана емес, қоғамды алаңдатып отырған сауалмен келгендер де бар.
Ауған соғысының ардагері Жұмабек Ақбаров әкімдікке төрт рет хат жазып, үш айдан бері өз сауалына мардымды жауап ала алмай жүргенін айтады. Оны немересі оқитын мектептің кірме жолында асфальттың жоқтығы алаңдатады.
"Немерем Астана қаласының №98 мектебіне барады. Оқу орнының Қалдаяқов көшесінен, яғни артқы жағынан кіретін қақпасы өрт кезінде ауыр техника кіру үшін салынған. Бірақ бұл аты ғана. Қандай да бір жағдай орын алса, бұл жерге ешқандай көлік кіре алмайды. Себебі мектептің аумағы 70 см-дей биіктікте орналасқан, қақпаға қарай көтерілетін асфальт жоқ. Қазір бұл қақпаны артқы көшенің балалары мектепке кіру үшін ашып қойды. Бірақ жаңбырлы күндері балаларға балшыққа малынуға тура келеді. Одан қалса дәл кірме жолдың қасында көпқабатты үйлердің қоқыс жәшіктері тұр. Көктем кезінде бұл жерден жағымсыз иіс шығып, қасынан өту мүмкін емес болып қалады", - дейді зейнеткер.
Осы мәселемен ол әкімдікке бірнеше рет хат жазып, барғанын айтады. Бірақ жауап ала алмаған соң ашық есік күніне кездесуге келген.
"Күтіп отырғаныма 1,5 сағат болды. Ең бірінші болып келіп, кезек алдым. Үстелде белгі тұрғанымен, әкімдіктен ешкім жоқ. Сұраққа да жауап жоқ", - дейді ақсақал.
Астананың оң жағалауында орналасқан Күмісбеков және Кенесары көшелері қиылысында тұратын бір топ тұрғын үйінің түбінен салынып жатқан кәріз жүйесінің құрылысына қарсы екенін жеткізуге келген.
"Үйіміз жағалауға жақын орналасқан. Пайдалануға берілген кезде кәріз жүйесі салынатыны туралы айтылмады. Енді қазір үйімізден 20 метр жерде құрылысы жүріп жатыр. Әкімдік өкілдерін шақырдық. "Тұрғындарға ешқандай зияны болмайды. Иіс шықпайды" деп уәде беріп кетті. Бірақ біз мұның қалай салынып жатырғанын, қаншалықты зиянсыз болатынынан бейхабармыз. Сондықтан құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап ету үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінен кеңес алуға келдік", - дейді тұрғын Ғалия Жақсылықова.
Қала тұрғыны Ирина Корчагина Алматы ауданы әкімдігі Сәтпаев көшесіндегі асфальттың бір бөлігін жөндейміз деп бір жылдан бері құрғақ уәдемен тойдырып келе жатқанын айтады. Ақыры ешқандай жұмыс жасалмағасын, "мәселені әкімнің өзіне жеткізейін" - деген оймен ашық есік күніне келген.
"Үйдің алдындағы асфальттың быт-шыты шыққан. Сәтпаев көшесін реконструкциядан өткізген кезде осы жер жөнделмей қалып қойды. Одан бөлек көшені сауда павильондарынан тазартқан кезде бір павильон сүрілмей қалып қойған. Ол да заңсыз салынған және көшенің көркін кетіріп тұр. Біз орнына тал, гүл егіп айналамызды абаттандырғымыз келеді. Осы мәселені әкімнің өзіне жеткізейін деп келдім. Бірақ екі сағаттай күтіп, ақыры жауап таппай кетіп барамын", - дейді тұрғын.
Шараны ұйымдастырушы Астана қаласының прокуратурасы барлық тұрғынның арызы қабылданғанын, оларға міндетті түрде жауап берілетінін жеткізді. Мұндай шара "Ашық үкімет" аясында жылына бір рет өткізілетін көрінеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191947-ashyq-esik-kuninde-bilik-okilin-sagattap-kutken-kei-astanalyqtar-suragyna-zhauap-ala-almai-ketti/