Шымкентте тұрғынды қорқытып, 1 млн теңге талап еткен бес азамат жазаланды
Жарияланған күні:
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бес сотталушыға қатысты қылмыстық іс аяқталды. Олар қорқытып алу, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен күш қолдану фактісі бойынша айыпталған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Үкім Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасында жарияланды.
"Сотталушылар 2024 жылдың ақпан айында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен күш қолдану арқылы жәбірленуші Н.-ның такси жолаушысын соққыға жыққан адамы олардың танысы екенін айтып, алдын ала дайындалған жиналмалы пышақпен және "Сталкер" маркалы ашық-шулы тапаншамен қорқытып, жәбірленуші Н.-дан 1 000 000 теңге ақшалай қаражат беруге мәжбүрлеп талап еткен.
Алайда жәбірленуші аталған сомманы бере алмайтынын айтып 3 00 000 теңге беруге уәделесіп, 80 000 теңге несие алдырып, қалған ақшасын тауып келуді тапсырған, олар полиция қызметкерлеріне ақшаны алу барысында ұсталған", - делінген хабарламада.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің жауаптары, заттай дәлелдемелер, жасырын тергеу әрекеттері мен басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелер жиынтығы арқылы толық дәлелденеді.
Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші сотталушыларға кешірім бермейтінін айтып, жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды. Ал сотталушылар кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
"Сот сотталушылардың қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескерді, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот С.-ға Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі 1, 2 тармақтары бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қалған төрт сотталушыға Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі 1-2 тармақтары бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192469-shymkentte-turgyndy-qorqytyp-1-mln-tengge-talap-etken-bes-azamat-zhazalandy/