Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін кенші қандай өтемақы мен жеңілдіктерге ие болды

Жарияланған күні:

Шахтадағы жұмыс
Көрнекі фото: pexels.com

Өткен жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 700 мыңға жуық қызметкерге арнайы әлеуметтік төлемдер төленді, деп хабарлайды NUR.KZ. тілшісі.

Өңірлер бойынша зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің басым бөлігі Қарағанды (64 651 адам), Павлодар (43 971 адам), Шығыс Қазақстан (28 121) облыстарында байқалады.

2015 жылы өндірістік объектілердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың, сондай-ақ ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесі бекітілді. Осы салаларда жұмыс істейтін адамдардың жұмыс істеу уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқығы бар.

Қарағандыдағы Күзембаев атындағы шахтада тоғыз жыл жұмыс істеген Даниил Золотниковпен NUR.KZ тілшісі әңгімелесті. Ол қызметкерлерге ұсынылатын жеңілдіктер мен өтемақылар беру тетіктері қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін айтып берді.

"Ұжымдық шартта белгіленген барлық талап қатаң сақталды. Біз қосымша еңбек демалысына шығуға құқылымыз. Сондықтан мен де басқа әріптестерім сияқты бұл жеңілдікті пайдаландым. Еңбек және демалыс режиміне келетін болсақ, жұмыс уақытының ұзақтығы алты сағаттан аспайды. Төтенше жағдайлар болған жағдайда жұмыс кестесіне түзетулер енгізіледі. Жұмыс уақытының алты сағатын біз шахтада өткіземіз. Бірақ көп уақыт жұмысқа және шахтадан кері қайтуға кетеді. Мысалы, менің әкемнің осы салада 34 жылдық тәжірибесі бар. Оның айтуынша, жұмыс уақытының ұзақтығы жолда өткізетін уақытпен есептегенде 11 сағат болады.

Жалақы туралы айтатын болсақ, жұмыс істейтін шахтаның учаскесіне байланысты қызметкердің жалақы мөлшері өзгеруі мүмкін. Ол участкі негізгі және көмекші деп екіге бөлінеді. Негізгілеріне тау-кен және туннельдік аумақтар жатады, мұнда жалақы мөлшері жоғары, сондай-ақ қосымша төлем бар”, - деді Даниил Золотников.

Қосымша еңбекақы, қосымша еңбек демалысын беру, жұмыс уақытының ұзақтығы қысқартылған еңбегі ауыр, зиянды және қауіпті жағдайларда өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған қызметкерлерге қолданылады. Жұмыс беруші өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша, сондай-ақ аттестаттауға жатпайтын жұмыс орындары бойынша аттестаттаудан өткізбеген жағдайда жеңілдіктер тізбеге сәйкес толық көлемде беріледі.

Даниил Золотников әңгіме барысында жұмыс істеген кәсіпорын қызметкерлері үшін берілетін тағы бір маңызды бонусты есіне алды.

"Отбасымызбен Қарқаралыдағы "Шахтер" демалыс үйіне және "Жартас" шипажайына бірнеше рет демалуға бардық. Біз үшін жолдама өте арзанға шықты. Қателеспесем, демалыс құнының 10 пайызына ғана тең болды. Бір қызығы, бұл мүмкіндікті менің жақын туыстарым да пайдалана алады. Кейін Бурабайға жеңілдетілген жолдамамен демалуға мүмкіндік туды.

Шахта туралы менде тек қана жағымды естеліктер қалған. Мен үшін шахта – мінез, табандылық және батылдық сияқты қасиеттер шыңдалатын өмір мектебі. Жұмысымның арқасында көптеген достар таптым, әлі күнге дейін шахтада жұмыс істейтін ұстаздарым бар. Олармен жақсы қарым-қатынастамыз, мен оларды қатты құрметтеймін", - деп бөлісті кенші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192960-ziiandy-engbek-zhagdaiynda-zhumys-istegeni-ushin-kenshi-qandai-otemaqy-men-zhengildikterge-ie-boldy/