Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік шаруа белгісіз індеттен малы өліп жатқанын айтып көмек сұрады

Жарияланған күні:

Шаруа қожалығындағы сиыр
Шаруа қожалығындағы сиыр: Автордан

Ақтөбе облысы Алға ауданы Тоқмансай ауылындағы шаруаның екі жылда 10-нан аса малы өлді. Қожалық иесі белгісіз індеттің себебін анықтап беруді сұрап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тоқмансайдағы "Бағдат" шаруа қожалығының иесі Жалаш Кенжетай екі жылда бірнеше бас ірі қара малынан айрылған. Өлетті қыстауында орналасқан шаруа қожалығындағы малдар әртүрлі уақытта өлген.

"Екі жыл болды малым өліп жатыр. Менде қазір биылғы өлген малдардың ғана суреті сақталды. Ветеринария мамандардың жауабына қанағаттанбай отырмын. 18 қарашада өлген бір малды лабораторияға тексеріске алып кетті. Содан хабар жоқ. 24 қарашада тағы бір мал өлді. Оны да зертханаға алып кетті. Оны тексерген не тексермегені маған әлі жұмбақ. Малдың өлімі жалғаса бере ме? Ауырғанда малдың мұрнынан қан кетіп, жатып қалады. Жауапты мамандардан тексеру жүргізуді сұраймын", - деді шаруа Жалаш Кенжетай.

Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы "Бағдат" шаруа қожалығының биыл ақпан айында ірі қара малдарының өлгені туралы хабарлама түсіргенін растайды. Басқарманың хабарлауынша, ветеринариялық мамандар шаруа қожалыққа келген кезде 3 бас ірі қара малының өлексесі табылған. Жануарлар өлген күннен бастап көп уақыт өтуіне байланысты бөлшектерге бөлініп қалған және құстар шұқып тастаған. Сол себептен ветеринариялық зертханаға патматериал алынбағаны айтылды.

Шаруа қожалығындағы мал түлігі
Шаруа қожалығындағы мал түлігі. Фото: Автордан

"Оқиға орнында мал иесінен ірі қара малдарының өлгені туралы мәліметтер сұрағанда, мал иесі 2023 жылдық көктем айынын бастап осы уақытқа дейін 10 бас ірі қара малы өлгенін айтқан. Бұған дейін оны ветеринарлық мамандарға мал иесі хабарламаған. Биыл наурыз айында тағы да бір ірі қара малдың өлімі болды. Ветеринариялық мамандар келіп қарап және патматериал алынып облыстық ветеринариялық зертханаға жіберді. Ветеринариялық мамандар жануарды жарып сою кезінде алдын ала диагнозы қарасан ауруы деп қойылды. Бірақ облыстық ветеринариялық зертхананың сараптама актісі бойынша 29.03.24 жылы сынақ хаттамасында теріс нәтиже айқындалды.

​2024 жылы 19 және 24 қарашасында ветеринарлық мамандар мал иесінің хабарламасы бойынша ірі қара малдың өлімін тіркеді. Пат материалдар алынып алдын-ала улану, қарасан ауруына тексерілуге жіберілді. Жануарлардың өлекселері мал қорымына апарылып, өртелді. Бүгінгі таңда облыстық ветеринариялық зертхананың нәтижелерін күтіп отырмыз", - деді Ақтөбе облысының ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай.

Ветеринария басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, "Бағдат" шаруа қожалығында 60-тан аса ірі қара, 200-ден аса ұсақ мал бар.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193078-aqtobelik-sharua-belgisiz-indetten-maly-olip-zhatqanyn-aityp-komek-surady/