Шымкентте 800-ге жуық тұрғын "Күміс жас" бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты
Жарияланған күні:
Шымкентте "Күміс жас" бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл жоба зейнеткерлік жасқа жақындаған, бірақ әлі де белсенді еңбек ете алатын адамдарды қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Шымкент әкімдігі Instagram-дағы парақшасында.
Әкімдік мәліметінше, "Күміс жас" бағдарламасы елімізде зейнеткерлікке дейінгі жастағы азаматтарды еңбек нарығында қолдау арқылы олардың кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану үшін іске қосылған. Жоба аясында жұмыс берушілер 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа тартады, олардың айлық жалақысы мемлекеттен субсидияланады.
Қалада жыл басынан бері 791 азамат осы бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан. Олар білім беру, медицина, мәдениет, әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да салаларда еңбек етіп жүр.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі 59 жастағы Айман Тельғозиева ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында түрлі өндіріс орындарында бухгалтер қызметін атқарып, Шымкентке қоныс аударғаннан кейін "Қоғамдық жұмыс" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Самғау биік" мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестігіне тазалыққа жауапты қызметкер болып жұмысқа орналасқан. Кейіннен "Күміс жас" бағдарламасы арқылы жолдама алған.
"Мемлекеттік бағдарлама жаңа мүмкіндікке жол ашты. Тәжірибем мен білімімді қоғамға пайдалы істерге арнап, өзіме де, өзгелерге де көмектесе алатыныма қуаныштымын", - дейді ол.
Шымкент – "Күміс жас" бағдарламасын табысты іске асырып отырған өңірлердің бірі. Бағдарлама тәжірибесі мол азаматтардың қоғамда белсенділігін арттырып, еңбек нарығын білікті мамандармен толықтыруда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193216-shymkentte-800-ge-zhuyq-turgyn-kumis-zhas-bagdarlamasy-aiasynda-zhumysqa-ornalasty/