Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көшелерде жарық жоқ, тас қараңғы": Алатау тұрғындары мектепке дейінгі жол мәселесін көтерді

Жарияланған күні:

жаяу жүргінші
Жаяу жүргіншілер жолы. Көрнекі фото: pixabay.com

Алатау қаласының оқушылары жаңа мектепке жарығы жоқ саяжайдың арасымен балшық кешіп баруға мәжбүр. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар бұл мәселені Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тұрғындармен кездесуі кезінде көтерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алатау қаласына қарасты Еңбек ықшам ауданының тұрғындары жол азабын тартып келеді. Олардың айтуынша, әсіресе мектеп оқушыларына обал – мектепке жету үшін балшыққа батуға мәжбүр. Одан қалса саяжайдың арасымен тас қараңғыда сабақтан қайтатынын айтады.

"Осындай жаңа мектеп салып бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Енді бізді асфальт мәселесі алаңдатады. Балалар мектепке балшық кешіп барады. Сабақтан шыққан кезде дала тас қараңғы, көшелерде жарық жоқ. Саяжайлардың арасымен қорқып үйге жетеді. Осы мәселені реттеп берсеңіз", - деді кездесу барысында сөз алған тұрғындардың бірі.

Облыс басшысы халықпен кездесуге дейін мектепті аралап, айналасын бақылап шыққанын, жол мәселесі алдағы уақытта шешілетінін айтты.

"Жаңа бәрін көріп шықтым, жағдаймен таныстым. Саяжай иелерімен келісіп, асфальт төсеу мәселесін шешеміз. Өйткені көргенімдей, мектептің айналасы балшыққа батып тұр", - деп жауап берді Марат Сұлтанғазиев.

Кездесу барысында облыс басшысы Алатау қаласында бір жылда атқарылған істер туралы тұрғындарға есеп беріп, алдағы уақыттағы міндеттерге тоқталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193759-koshelerde-zharyq-zhoq-tas-qaranggy-alatau-turgyndary-oblys-akiminen-mektepke-deiingi-zhol-maselesin-sheship-berudi-surady/