Алматыда дөңгелек жөндеумен айналысатын маман автокөлік иелеріне көп адам біле бермейтін кеңес айтты (фото)
Жарияланған күні:
Қарағанды тумасы Жанат Айтжанов Алматыда дөңгелек жөндеу кәсібімен 15 жылдан бері айналысып келеді. 47 жастағы кәсіп иесі бұл саланың қыр-сыры, қиындығы мен табысы туралы баяндап, оқырманға дөңгелек ауыстыруға байланысты бірқатар кеңесін айтып берді.
- Жанат Айтжанов Алматыда 15 жыл бойы дөңгелек жөндеу кәсібімен айналысып келе жатқанын және дөңгелектерді ауыстыру уақытын ауа температурасына байланысты таңдау керектігін айтады.
- Шиномонтаж қызметі маусымдық сипатқа ие, жазда және қыстың ортасынан бастап табыс табу қиын болғандықтан, кәсіпкерлер үздіксіз жұмыс істеуге тырысады.
- Жанаттың айтуынша, бұл салада табысқа жету үшін физикалық күш, тәжірибе және клиенттермен жақсы қарым-қатынас орнату маңызды, ал қызметкерлердің табысы маусымына қарай 200 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін өзгеруі мүмкін.
Дөңгелек ауыстырудағы мифтер
Оның айтуынша, алматылықтардың дөңгелек ауыстыру маусымы туралы түсінігі қате.
"Көбі қар түскенде ауыстырып үлгеремін дейді. Ал жазғы дөңгелекті қыста ауыстыру үшін бірінші кезекте ауа райына қарау керек. Көлік резеңкесі 7 градус жылы ауа райында-ақ жол жабындысымен жанасудағы жабысқыш қасиетінен айырылады. Себебі жазғы дөңгелек суықтан екі жарым есе қатты болады, ал қысқы дөңгелек шығарған фирмасына байланысты жұмсақ болады.
Мәселен кейбірі 7-10 градус аралығындағы көрсеткішінен бастап жүруге арналған. Олай болмаса, жол төсемімен байланысы азайып, жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупін арттырады, әсіресе қалааралық, ауылдық жолдарда бұл өте қауіпті", - деп кеңесін берді ол.
Кейіпкеріміз сондықтан жер қара деп жазғы дөңгелекпен жүре беруге болмайтынын айтады.
"Мысалы жазғы дөңгелектермен жүрсеңіз, ауа райы +5 градус болса, міндетті түрде өзге көліктермен қашықтық сақтауыңыз керек болады. Мен мәселен осы салада 15 жыл жұмыс істеп жүргеніммен, 1 жыл ғана жұмыс істеп көрген адам көлік дөңгелегі тек ауа райы температурасына ғана байланысты екенін түсінеді. Қысқаша айтқанда +7 градус температурасында жазғы дөңгелекпен жүру өте қауіпті", - дейді Жанат Айтжанов.
"Күніне 30-40 көліктің дөңгелегін ауыстырамыз"
Шиномонтаж басшысы бұдан кейін кәсібі туралы аз-кем айтып берді. Оның айтуынша, бұл шағын кәсіп болғандықтан бар-жоғы екі станокпен 2-3 маман дөңгелек ауыстырады екен. Бір сағатта 3 көліктің дөңгелектерін толыққанды ауыстырып шығуға болады.
"Бірақ мұнда бір көліктің дөңгелектерін 15 минутта ауыстыруға болса, екінші көлік ірілеу болып, оған 30 минут жұмсауымыз мүмкін. Мәселен жол талғамайтын көлік пен жеңіл көлікке қызмет көрсету уақыты әрқалай. Сондықтан шамамен айтуға болады. Осындай есеппен таңғы 8:00-ден кешкі 19:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істесек, күніне 30-40 көлікке қызмет көрсетеміз", - дейді маман.
Ал дөңгелек ауыстырмайтын уақытта шиномонтаж қызметі толықтай тоқтап қалады екен. Жазда және қыстың ортасынан бастап бұл кәсіппен табыс табу мүмкін болмайды.
"Сондықтан осы дөңгелек ауыстыратын кәсіп иелері мамыр айынан қыркүйектің аяғына дейін не көлікке басқа қызмет көрсетуге ауысады, не тіпті бұл салада жұмысын тоқтата тұрады. Бірақ бұл тұрақты клиенттік база жинауыңа кедергі болатын жағдай. Сондықтан біз міндетті түрде үзіліссіз, 24/7 жұмыс істеуге тырысамыз", - деп түсіндірді Жанат Ермекұлы.
Кәсіптің қыр-сыры
Маман бұл салада кәсіп бастаймын дегендерге де кеңесін берді. Оның айтуынша, бұл бастамаға сақадай сай болып келу мүмкін емес, жүре-көре келе байқайтын, машықтанатын жағдайлар кездеседі. Әсіресе кәсіптен 3 жыл бойында табыс тауып кетемін деу бекершілік дейді. Неге десеңіз, мұндай салада ескеретін тұстары баршылық: қызмет көрсететін нысанды жалға алу, дөңгелек ауыстыратын станок сатып алу, клиенттік база жинақтау, орналасқан орның, бәсекелестік, жалғыз жұмыс істемеу үшін қоластыңа мықты мамандарды тарта білу және тағысын тағылар.
"Бізде үзіліс немесе демалыс күндері жоқ. Қыста көбірек, ал жазда аздау уақыт жұмыс істейміз. Жаңа жылдан кейін наурыздың басына дейін бұл кәсіпті ұмыта беруге болады. Сәйкесінше жаздың басынан қыркүйектің аяғына дейін ұмытуға тура келеді. Сондықтан осындай аумалы-төкпелі кәсіпте табысқа жету қиын шаруа.
Мысалы менің табысымды бір сомаға байлап айту өте қиын. Оның ішінде жалға алуыңыз, станокты сатып алуыңыз, қоластыңдағы жұмысшыларға берер жалақыңыз, орналасқан жеріңіз және басқа да мәселенің бәрі де осыған байланысты. Мәселен маусымы болмай тұрғанда, мен жалға алу құнын өндірсем, шүкір деп отырамын. Ал қоластымдағы жұмысшылар айына бірде 200-300 мың теңге тапса, ал дөңгелек ауыстыру маусымы басталғанда табысы 1 миллион теңгеге дейін жетуге болады", - деп баяндады "У Жаната" деп аталатын дөңгелек ауыстыру орталығының иесі.
Кәсіпке салған инвестиция қашан өтеледі?
Ол бұл кәсібіндегі қиындықтарды да айтқан, мәселен өзі 2-3 нүктеден ашуға тырысқан екен, алайда бір орындағы кәсіпке көңіл бөлмесе, қиын шаруа. Мәселен өзі ашқан дөңгелек ауыстыру нүктесіне жұмсалған қаражатын тек 3,5 жылдан кейін ғана өтеп алдым дейді.
"Бұл кәсіпке келемін деген жастардың жолы оңай дей алмаймын, көбі қазіргі уақытта тамақ жеткізуге қызметіне кірісіп, мопедпен кәсіп қылсам дейді. Бірақ бұл сала теориясы мен практикасы қатар жүретін нағыз жұмыс. Бұл жолды меңгерген адамға кәсіп бастау да, жалдамалы қызмет жасау да ыңғайлырақ болады. Алайда колледждерде кәсіптік білім алып келген жастар теориясын білгенімен, практикалық тұрғыда дайын болмай жатады. Себебі ескерілмейтін бір тұсы – бұл кәсіпте қара күш, физикалық жағдай да үлкен рөл ойнайды. Неге десеңіз, бір көліктің 4 дөңгелегі бар десеңіз, оның әрқайсын шешіп алып, қайта салуыңыз керек болса, 16 рет дөңгелек көтересіз.
Ал ауыстыруға кететін уақыт пен күшіңізді қоспағанның өзінде, күніне 10 көлікке қызмет көрсетсеңіз, қанша рет дөңгелек көтеретініңізді санай беріңіз. Біздің кәсіптегі ең қиыны бел омыртқа ауруы десек болар. Осындайда ауылдың ауыр жұмыс істеп үйренген мықты жігіттері жарайды. Солар көбірек табыс тауып, жетістікке жете алады дей аламын", - деп бөлісті кәсібінің қыр-сырын маман.
Табыстың кілті неде?
Табысқа жетіп отырған кәсіп иесі бұл саладағы негізді бизнес жүргізу идеясына да тоқтала кетті. Оның сөзінше, бірінші кезекте бұл салада бәсекелестік ортада клиентпен қарым-қатынас жүргізу, көрсетілетін қызметтің толыққандылығы сияқты факторлар ықпал етеді.
"Мысалы клиент көлігін әкелсе, біз оны бірде-бір шаруасына араластырмай, қызметті өзіміз толықтай жасауға тырысамыз. Дөңгелегін шығарып, кигізіп, алмастырған дөңгелегін тап-таза қапқа салып, жүксалғышына салып береміз. Кейде тіпті әйел адам болса, оның үйіне дейін жеткізіп, қоймасына өзіміз салып беретін жағдайлар болады. Бұл клиенттің жайлылығын бірінші кезекке қоятынымыздың арқасы. Қызметті осылай толыққанды көрсетіп, клиенттің жайлылығын ойлағанымыздың арқасында кәсібіміз өрге домалап отыр", - дейді кәсіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193810-almatyda-donggelek-zhondeumen-ainalysatyn-maman-avtokolik-ielerine-kop-adam-bile-bermeitin-kenges-aitty-foto/