"Күніне 70 мың теңгеге дейін табамын": жүк көлігін жүргізетін астаналық ару ерекше кәсібі туралы айтты (фото)
Жарияланған күні:
Астанада жүк көлігін тізгіндеген 24 жастағы Әйгерім Серік қала тұрғындарын таң қалдырып жүр. Ол көлігімен тапсырыстарды жеткізіп, күніне 70 мың теңгеге дейін табыс тауып отырғанын айтады. Ерекше хоббиі бар жан KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.
Әйгерім Серік Астананың түбіндегі Ильинка деген жерде өскенін, 10 жасынан бастап тракторы бар әкесінен көлік жүргізуді меңгергенін айтады.
"Үйдің кенжесімін. Алдымда үлкен ағам бар. Ол – шығармашылықтың адамы, ән жазады. Ал мен кішкентайымнан әкемнің қасында жүрдім. Трактормен жұмысқа кеткен кезде үнемі мені қасына отырғызып алатын. Тапсырыстарға барғанда да ақшасын маған санатып қоюшы еді. Көлік жүргізуге қызығушылығым сол бала кезімде оянды. Әкем техникасын жөндеген кезде де жанында тұрушы едім", - дейді Әйгерім.
Елордалық ару актриса болуды да армандаған. Оған жету үшін Астанадағы оқушылар сарайында 9 жыл бойы актерлік шеберлікте оқыған. Белгілі режиссер, актерлерден сабақ алған. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына грантқа оқуға түскенін айтады. Алайда ата-анасы басқа қалаға оқуға рұқсат бермей, елордадағы оқу орындарының бірінде шет тілі факультетін бітірген.
"Университетте оқып жүріп, Түркия еліндегі оқу орнына жолдама алып, білімімді шыңдап келдім. Оқуды бітірген соң өз мамандығыммен жұмыс істедім. Дубайға барып, көлікті Қазақстанға экспорттау саласында еңбек жолымды бастадым. Елге автомобильдер, көлік құрал-саймандарын жіберіп тұрдым. Бір жылдан кейін Қазақстанға оралып, өзіме жүк таситын көлік сатып алдым. Бірден тапсырыстар алып, жеткізу қызметіне шығып кеттім. Күніне 40-50 мыңдай, ерінбесем 70 мыңдай табыс тауып жүрдім. Бір апта бұрын жүк көлігімді сатып жібердім. Енді эвакуатор және трактор қарап жүрмін. Өзім эвакуатормен алыс қалаларға көліктерді тасығым келеді", - дейді кейіпкер.
Әйгерім жүк көлігін жүргізіп жүріп, көлік жөндеуді де меңгеріп алған. Майын ауыстыру, дөңгелегін ауыстыру, сыңған жерін оңдау сияқты жұмыстарды күнделікті өзі атқара береді. Өзінің жеке ВАЗ Priora көлігін кезінде арзан бағаға алып, кем-кетігін өзі жөндеп алғанын айтады. Таң қаларлығы – Әйгерім тек қана механика автокөліктерін жүргізеді екен, ал автомат көліктерді жүргізе алмайтынын айтады.
"Менен "неге шетелдік көлік сатып алмайсың?" деп сұрайтындар бар. Ал мен керісінше қиын нәрсенің бәрін жас кезде жасап алу керек деп ойлаймын. Жастық шақ сонысымен қызық. Қымбат шетелдік көлікті әлі де жүргізіп үлгеремін деп ойлаймын. Жүк көліктерімен тым жақсы табыс табуға болады. Оны кез келген адам жасай алады", - дейді Әйгерім.
Кейіпкеріміз елордадағы көлік жөндеу орталықтарының біріне амбассадор болып та қызмет етеді. Сондай-ақ ол ескі көліктерді жаңартқанды жаны сүйетінін айтады.
"Жақында ескі Жигули маркалы көлігін сатып алдым. Оны түгел өзгертіп жап-жаңа көлік қылып шығарсам деймін. Ол көлікке 001 деген нөмірді де сатып алдым. Болашақта ол көлігімді музейге қойғым келеді. Бұл менің алғашқы жобам. Болашақта тұрақты айналысатын ойым бар", - дейді ару.
Әйгерім Серік бос уақытында астаналық қыз-келіншектерге көлік жүргізуді үйретеді. Болашақта арнайы орталық ашу да ойында бар. Одан бөлек атқа мінумен кәсіби түрде айналысқанына бір жарым жылдай болған. Атқа мінуден әлем чемпионынан сабақ алып жүрген көрінеді. Алдағы уақытта өзі де әлемдік жарыстарға қатысуға ниеттеніп отыр. Кейіпкеріміз әлеуметтік желілердегі парақшаларын да тұрақты жүргізеді. Көлікке қатысты кеңестерін де бөлісіп отырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194070-kunine-70-myng-tenggege-deiin-tabamyn-zhuk-koligin-zhurgizetin-astanalyq-aru-erekshe-kasibi-turaly-aitty-foto/