Қостанай облысындағы ауылда апатты жағдайдағы өткелді жөндеу заңға қайшы болып шықты (фото)
Жарияланған күні:
Қостанай облысындағы Козыревка ауылының тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек, тіпті мектеп пен балабақша үшін көрші ауылға күнде қатынауға мәжбүр. Ал екі елді мекеннің арасын жалғайтын өзен үстіндегі өткел апатты жағдайда. Биыл сегіз жастағы бала өзенге құлап қаза тапты. Содан кейін тұрғындар өз қолымен тас, құм төсеген болыпты. Ал жергілікті билік адам өлімі болып жатса да, бөгетті жөндей алмай отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Облыс орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан Козыревка ауылында 40 шақты үй қалған, 70-ке жуық тұрғын өмір сүріп жатыр. Ауылда азық-түлік дүкені түгілі, бастауыш мектеп не дәріхана, медициналық пункт те жоқ. Козыревка тұрғындарының 40 пайызы басқа ауылдар мен қалаларда жұмыс істейді. 7 оқушы көрші Октябрьское ауылындағы мектепке жаяу қатынап білім алады. Зейнеткерлер зейнетақысын алу үшін 15 шақырым жердегі Лисаков қаласына 10 мың теңгеге такси жалдап баруға мәбүр. Өйткені қоғамдық көлік қатынамайды. Козыревкадан шығатын төте жол өзен арқылы. Сондағы өткелді көктемдегі жойқын тасқын тас-талқан еткен. Апатты жағдайда тұр. Биыл тамыз айында осы өткелден 8 жасар бала әкесімен өтпекші болғанда тайып жығылып, өзен ағызып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 5 күн іздеп, денесін Тобыл өзенінен тапты. Бұған дейін де бір ересек адам сол өткелде өзенге құлап, қаза тапқан. Осындай "ажал жолын" жөндеп берсін деген тұрғындар жергілікті биліктен қанша өтінгенмен еш нәтиже шығара алмапты.
"Өткел жолды су деңгейінен көтеру үшін үлкен, ауыр тастарды ауыл тұрғындары өзіміз тасыдық. Ауыл әкіміне үстіне "құм сеуіп беріңіз" деп айтқанда ол "көлік жоқ, ақша жоқ, көлікке қосалқы бөлшек қажет" деп жауап берді. Мен содан кейін вахталық жұмысқа кетіп қалғанмын. Бір айдан кейін келгенде міне, мынадай құм төсеп, тегістепті. Соның өзін қанағат тұттық. Әйтпесе үлкен тастардың үстінен өту қауіпті еді", - дейді Козыревка ауылының тұрғыны Николай Гура.
11 жастағы Денис Гура да қарындасы екеуі осы өткел жолмен күн сайын мектебіне қатынайды. Әсіресе көктем мен күзді күндері күрт суытқанда қиналамыз дейді.
"Бұл өткел жолда жүру өте қорқынышты болды. Үстінде мұндай құм болған жоқ. Тастар арқылы жүретінбіз. Қар аралас жаңбыр жауғанда үстіне мұз қатып қалады. Қарындасым екеуміз осы жерде талай рет құладық. Сосын үйден күрек алып шығып, тастардағы мұзды ойып шықтым", - дейді Козыревка ауылының тұрғыны Денис Гура.
Биыл өткелді жөндеу үшін облыстық бюджеттен 125 млн теңге бөлінген. Алайда ақша болғанмен жоспар жүзеге аспай қалды. Өйткені жоба бойынша бөгеттің су ағызу жылдамдығы секундына 180-200 метрге шақталған. Ал биылғы тасқын кезінде судың жылдамдығы секундына 1700-1800-ге дейін жетті. Мұндай жойқын су күрделі жөндеу жасалған бөгетті бұзып өтетіні түсінікті. Қаржы сумен ағып кететін еді. Осыған байланысты әкімдік бөгетті қалпына келтіру ойынан айнып қалған. Мұның үстіне прокуратура тексеріс жүргізгенде бұл жөндеуге ақша заңсыз бөлінген деп тауыпты. Өйткені бөгет әкімдіктің балансында жоқ. Тіпті ешбір мекеменің атына жазылмаған, яғни иесіз.
"Мұнда өткел емес, көпір қажет. Ал көпір салудың құны шамамен 1-2 млрд теңге. Новоильинск ауылдық округінің тұрғындары санын қосқанның өзінде бізге мұншама қаржыны облыс түгілі, республикалық бюджеттен де бөле қоймас. Бұл мәселемен ешкім айналысқысы да келмейді. Өйткені аудандық әкімдіктің балансында болмаған соң қаржы бөле алмайды", - дейді Новоильинск ауылдық округінің әкімі Азамат Қалапқасов.
Ауылға жақын орналасқан боксит кенін өндіретін кәсіпорын бұл өткелді жөндеуге жылда атсалысатын. Тас пен құм сеуіп қоятын. Ал биыл оларға да осы тас пен құмды заңсыз тасыды деген айып тағылып, айыппұл салынған. Ал мұның ақыры ауыл тұрғындарымен қоса, жергілікті билікті де тығырыққа тіреді.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194364-qostanai-oblysyndagy-auylda-apatty-zhagdaidagy-otkeldi-zhondeu-zangga-qaishy-bolyp-shyqty-foto/