Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Турбуленттік ұшаққа қауіп төндірмейді": FlyArystan ұшқыштары мамандығының қыр-сырын айтты

Жарияланған күні:

FlyArystan
Фото: FlyArystan

FlyArystan казақстандық лоукостері ұсынатын "Қарапайым тілмен авиация" подкастынының жаңа шығарылымында ерекше кейіпкерлер – ұшқыштар Қымбат Артықбай мен Ақжол Қуатбек қонақ болды. Олар өздерінің кәсіби жолы, авиациядағы қызметтің ерекшеліктерімен бөлісіп, сондай-ақ ұшқыш мамандығына қатысты қалыптасқан кейбір стереотиптерді жоққа шығарды. Бұл туралы әуекомпанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ұшқыш жолы: Ab-initio бағдарламасы жайлы

Екі ұшқыш та Air Astana компаниялар тобының Ab-initio бағдарламасы бойынша білім алған. Ұшқыш болуды армандайтындар үшін бұл керемет мүмкіндік, себебі бағдарламада қандай да бір тәжірибенің болуы талап етілмейді. Білім алушылар үшін әуекомпания барлық оқу шығындарын өтеп, түлектердің әрі қарай жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді.

Ақжол Қуатбек, Airbus 320/321 ұшағының екінші ұшқышы, авиация саласындағы мансабын 2016 жылы аэропортта бастап, екі жылдан кейін Ab-initio бағдарламасына түскен. Сол уақыттан бері ол ұшақтарды басқаруда 4 жылдан астам тәжірибе жинақтаған.

Қымбат Артықбай да әуекомпанияда аға екінші ұшқыш қызметін атқарады, ол өзінің мансабын аэропортта авиадиспетчер ретінде бастаған. Азаматтық авиация академиясын бітіргеннен кейін, ұшқыш болуға шешім қабылдап, бұл таңдауынан қателеспеді.

Жауапкершілік және үздіксіз білім алу

Ұшқыш болу тек техникалық біліммен шектелмейді, ол үлкен жауапкершілікті, сондай-ақ біліктілікті тұрақты түрде арттырып отыруды талап етеді. Ұшқыштар әр алты ай сайын теориялық емтихан тапсырып, Air Astana компаниялар тобының Астанадағы ұшу орталығында практикалық жаттығулардан өтеді.

"Жолаушылардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Техникалық білімнен бөлек, ұшқыш өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, үздіксіз білім алуға ұмтылуға тиіс", – дейді Қымбат.

Кабинаның құпиялары: автопилот дегеніміз кім?

Ақжол мен Қымбат көпшіліктің ұшқыштар жайлы қате пікірлерін жоққа шығарды. Мысалы, "ұшқыштар автопилотты қосып қойып, өздері демалып отырады" деген секілді пікірлер шындыққа жанаспайтынын алға тартты.

"Автопилот – бұл ұшу параметрлерін тұрақтандыратын құрал, бірақ ұшақты басқару толықтай ұшқыштардың жауапкершілігінде", – деп түсіндірді олар.

Әуеге көтерілу, қону және турбуленттік

Ұшақтың көкке көтерілуі мен қонуы – ұшудың ең жауапты кезеңдері, сәйкесінше, бұл жоғары зейінділікті талап етеді. Рейс орындауды қолайлы басқару үшін ұшқыштар рөлдерін бөліп алады:

  • Pilot flying сапар бойы ұшақты басқарумен айналысады.
  • Pilot monitoring ұшу кезінде параметрлерді бақылап, диспетчерлермен байланыс жүргізіп отырады.

Ұшқыштардың айтуынша, жолаушыларды қызықтыратын сұрақтардың басым көпшілігі турбуленттік жайында екен.

"Турбуленттік ұшақ үшін ешқандай қауіп төндірмейді, дегенмен жолаушылар үшін, әрине, жағымсыз тәжірибе болуы мүмкін", – деді олар.

Жалған пікірлер және қызмет барысындағы оқиғалар

Қымбат қыздар қауымы ұшқыш бола алмайды деген стереотиптің әлі де кездесетінін атап өтті.

"Менің ұшқыш болып жұмыс істегеніме алты жыл болды, осы уақытта біздің компанияда ұшқыш қыздардың қатары артқанын байқадым. Әрине, біз мұнымен мақтанамыз", – деп бөлісті.

Ұшқыш мансабында Ақжолдың өміріндегі ең басты таныстықтардың бірі болған екен: "Мен авиацияның арқасында болашақ жарыммен таныстым. Біз ұшақта таныстық, мені жұбайым сол күнгі мені қабылдаған экипаждың қатарында болатын. Қазір біз отбасымыз", – деп ағынан жарылды.

Жолаушыларға пайдалы кеңестер

  • Ұшу режимі: Телефонды әуе режиміне қою – бұл негізсіз өтініш емес, ұшақтағы құралдардың жұмысына кедергі келтірмеуге бағытталған қауіпсіздік шарасы.
  • Жұмсақ қону: "Жұмсақ қону – бұл жағымды бонус, бірақ бұл қауіпсіздіктің көрсеткіші емес. Қолайсыз ауа-райы кезінде қатты қону керек болатын кездер аз емес", – деп түсіндірді ұшқыштар.

"Аспан үйренуге және дамуға дайын әрбір жан үшін ашық", – дейді ұшқыштар. Ал сіз дайынсыз ба?

Бұл шығарылым ұшқыш мамандығы туралы тікелей сол саланың мамандарынан ақпарат алуға мүмкіндік береді. Егер авиация туралы көбірек білгіңіз келсе немесе авиация әлемін армандайтын болсаңыз, YouTube арнасынан толық шығарылымды көруге кеңес береміз.

Fly&Talk подкасты туралы

FlyArystan Fly&Talk "Авиация қарапайым тілмен" подкастының алғашқы бөлімі 2023 жылы басталған болатын. Аталған подкаст көрермендерге әуекомпанияның негізгі процестерін қарапайым тілмен түсіндіруді мақсат еткен. Шығарылымдарда ұшқыштар қызметі, бағалар саясатынан бастап, борттағы және әуежайлардағы қызмет көрсету тақырыптарына дейін қамтылған.

Шығарылымдар қазақ және орыс тілдерінде FlyArystan YouTube арнасында қолжетімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194439-turbulenttik-ushaqqa-qauip-tondirmeidi-flyarystan-ushqyshtary-mamandygynyng-qyr-syryn-aitty/