Зектілері

Ақмола облысының әкімі Қосшыда иттердің жаппай атылуына қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Қабаған иттер
Иттер. Көрнекі фото: pixabay.com

Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында иттер жаппай атылған. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Иттердің жаппай атылуы жөнінде ақпарат әлеуметтік желіде тараған еді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.

"Жақында Қосшы қаласында иттердің өлексесі табылды. Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша (жануарларға қатыгездік көрсету) қылмыстық іс қозғалды. Қазір соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жауапкершілікке тартылады. Бұралқы иттердің мәселесі менің бақылауымда", - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы иттерді ұстауға арналған арнайы орын салынатынын айтты. Ол үшін Астана қаласынан жер телімі де қарастырылған.

"Иттерге қатысты мәселені кешенді түрде шешуіміз қажет. Осы мәселеге байланысты Астана қаласы әкімдігімен меморандумға қол қойдық. Қазір бізде иттерді ұстайтын арнайы баспана жоқ. Оның құрылысын келесі жылға жоспарлап отырмыз. Қай жерге салынатыны да белгілі", - деді Марат Ахметжанов.

Ақмола облысы полиция депратаменті өкілдері де Қосшы қаласында иттердің атылуына қатысты түсінік берді.

"Полиция департаменті бұл факт бойынша тексеру жүргізілгенін, оның нәтижелері бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлайды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жауап берді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі.

Еске сала кетейік, Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен Пшөн есімді итті белгісіз біреулер атып өлтіргені туралы белгілі болды. Иттің иесі Зәмзагүл Жанабаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне мән-жайды айтып берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2195651-aqmola-oblysynyng-akimi-qosshyda-itterding-zhappai-atyluyna-qatysty-pikir-bildirdi/