Зектілері

"Алаш мұрасына оралдық": белгілі ғалым тәуелсіздік алғалы Қазақстан тарихы қалай жазылып жатқанын айтты

Жарияланған күні:

Қазақ тарихына қатысты иллюстрация
Қазақ тарихына қатысты иллюстрация. Фото: ChatGPT

Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздік алған сәттен бастап, елдің тарихи мұрасын қайта қарауға ерекше назар аударылды. Архив құжаттарын ашу арқылы халқымыздың өткенін жаңа қырынан зерттеу мүмкін болды. KAZ.NUR.KZ тарихшы маманнан тәуелсіздік жылдарындағы қазақ тарихшыларының ашқан жаңалықтары мен тапқан тарихи олжасы туралы сұрап білді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында Алашорда тарихы ашылып, Алаш қайраткерлерінің өмірбаяны зерттелді, бірақ ашаршылық тақырыбы әлі толық зерттелмеген.
  • Ол қазақ тарихшыларына көптеген архив деректері әлі де жабық екенін, еуропоцентристік көзқарастар басым болып, ауызша дәстүрге жеткілікті көңіл бөлінбейтінін атап өтті.
  • Артықбаев жас ғалымдарға нақты академиялық зерттеулер жүргізуді, қазақтың классикалық тілін меңгеруді, батыстық ғылыми тәжірибені қолдануды және этнографиялық білімді тереңдетуді ұсынды.

Этнограф-тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, қазақ халқы мемлекеттік тәуелсіздігінен айрылуының үш кезеңі бар, бірінші – 1730-1820 жылдар – протекторат кезеңі, екінші – 1820-1860 жылдар – вассалдық, тек Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық соғысы жеңілген соң ғана қазақ халқы тәуелсіздіктен толықтай айырылды.

"Отарлық бағыныштылық кез келген халық үшін азап пен жер бетінен жоғалу қаупі. Бізді отаршылдықтың екі түрін көрдік бірі- Рес ей империясы, екінішісі Совет империясы тұсында. Екеуі де қазаққа оңай болған жоқ, әсіресе "Совет" аталатын орыс билігі тұсында біздің тағдырымыз қыл үстінде тұрды. Сол себептен тәуелсіздікті аңсап күтетін қазақтың жөні бар, тәуелсіздіктің қазақ халқына бергені де өте зор. Басқа мәселелерді айтпағанның өзінде, демографиямыздан-ақ көрініп тұр. Тәуелсіздіктің арқасында өз елінде азшылық болып отырған қазақ халқы қазіргі күні еліміздегі халық санының 75 пайыз үлесіне жетіңкіреп қалдық. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Мұндай жағдайға жеткен халыққа қауіп аз, тіл мәселесі де, басқа мәселесі де өз алдына шешіле бастайды, - деген ғалым тарихшылардың еңбегіне тоқталды: Тарихшыларымыз ғылымда біраз еңбек жасады. Деректерді жинақтау және жариялау тұрғысынан елеулі еңбек бар. Бұл "Мәдени мұра", "Рухани жаңғыру" бағдарламасының негізінде жинақталған және жасалған еңбектер. Бұл аталған бағдарламалар тұсында шығарыоған көптомдықтар көбіне бұрын бар деректерді қайта жариялауға негізделді. Біздің тарихшылар Ресей патшалығы, Кеңес үкіметі кезінде әртүрлі архивтерден, қолжазба қорларынан жиналып жарияланған деректерді алдық", - дейді сарапшы.

Алайда, оның айтуынша, академиялық инститтутар тарапынан жарияланған бұл көп томдық жинақтарда үлкен жаңалықтар ашылды деп айтуға ерте. Себебі қазақ тарихының жалпы жүйесімен деректік қоры совет заманында жасалып қойған, зерттеішілер сол жүйеден шыға алған жоқ. Шет елден, мысалы Ватиканнан әкелінді-мыс делінген деректер бізде онша көп емес және бар болса да үлкен жаңалығы жоқ.

Этнограф тарихшы Жамбыл Артықбаев
Этнограф тарихшы Жамбыл Артықбаев. Фото: Жеке деректерден

"Кәсіби тұрғыда, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этногарфия институтының деңгейінде 1960-жылдары біраз еңбек атқарылған. Содан бір қадам алға жылжыдық. Бірақ үлкен қадам жасадық деп айта алмаймын.

Тәуелсіздік кезеңінің негізгі ерекшелігі бұрын кәсіби тарихшылар ортасында ғана талданып жүрген тақырыптарға қазір қоғамда қызығушылық күшейді. Алайда солақай әуестенушілік бағыт та күшейіп кетті", - дейді ол.

"Тәуелсіздік алғалы Алашорда тарихын аштық"

Маманның айтуынша, Тәуелсіздік келмей тұрғанда қазақтың Алашорда мен Алаш қозғалысына қатысты тарихы мүлдем болмаған. 1920-1930-жылдары бұл тақырыпта Асфендияров, Мартыненко, Брайнин, Шафиро, Ғаббасов сияқты зерттеушілер жаза бастаған, алайда репрессиялар басталып кеткен соң, академиялық тарихқа орын болмаған.

"Алашорда қайраткерлерінің бәрін "жау" деп танып, оларға қатысты тарихи тақырыптың бәрі жабулы болды. Ешқандай құжат та табылмайтын. Менің студент кезімде қолыма ғайыптан 1930-1940 жылдары шыққан "Большевик", "Большевик Казахстана" сияқты журналдар түсті. Осы советтік идеология бағытында жасалған журналдардың өзінен санасы бар адамға толып жатқан мәлімет алуға болушы еді. Басқа дерек көздер болмады. Мысалы студент кезімде мен Қарағандыда Е.Бекмханвотың "Казахстан в 30-40 года ХІХ век" кітабын іздеп таба адмадым. Оқуға соншама құмартып біздің қария жасындағы профессорларға, оқытушыларға бардым, жалындым, бұл кітаптың атын атауға қорқатын, қашатын.

Осылайша Тәуелсіздіктің пайдасы — біз Алаш мұрасына, Алаш қайраткерлерінің өмір тарихына оралдық және Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта жақсы жұмыстар жүргізілді. Бірінші кезекте Мәмбет Қойгелдиев, Сұлтанхан Аққұлұлы, Дихан Қамзабекұлы осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр. Қайырбек Кемеңгеровті де, Сағымбай Жұмағұловты да атап өтуге болады. Осы ғалымдар бұл бағытта үлкен еңбек атқарды. Әлихан Бөкейханов көптомдығы, Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері тағы да басқа Алаш қайраткелерінің еңбектері жарияланды. Бұл біздің рухани өміріміз, интеллектуалдық деңгейіміз үшін өте үлкен үлес деп есептеймін", - дейді ол.

Біз жаңаша ұлт иделогиясы қалыптасқанға дейін Алаш қайраткерлері идеяларына сүйенгеніміз дұрыс, басқа жол жоқ. Адами және азаматтық тәрбие тұрғыдан да Алаш қазақ жастарына үлгі.

"Ашаршылық толық зерттелмеді"

Алайда, Артықбаевтың сөзінше, көне және орта ғасырдағы тарих Кеңес одағы кезеңінде жасалған ғылыми деңгейінен аса көтеріліп кетпеген. Бұл қазақ халқының ауызша дәстүріне деген көзқарастардан да, тарихшылардың шығыс тілдерін меңгере білмеуінен де, методолгия саласындағы ізденістердің төмендігінен де көрінеді. Егер Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихы туралы айтатын болсақ, бұл кемшлік ашаршылық тақырыбынан да көрінеді.

"Ашаршылық тақырыбы толық зерттелген деп айта алмаймын. Оны толық зерттеу үшін украин тарихшыларының жасағанын жасау керек еді. Өкінішке қарай, олай жасай алмадық. 1990-жылдары украин тарихын зерттеуге канадалық украиндардың қаржылай көмегі зор болды. Осы көмектің арқасында украин зерттеушілері аштық туралы деректерді тек қана НКВД архивтерінен ғана емес, ауыл-ауылды аралап, ескі қорымдарды аралап, тізімдеп тұрып жинады. Біздің кәсіби тарихшылар біледі, ХХ ғасырдың басында бүкіл Ресей империясында статистикалық зерттеулер жүргізілді. Қазақ жерін бірнеше аймаққа бөліп Щербина, Кузнецов, Переплетчиков экспедициядары зерттеді, санақ жүргізді. Бұл жұмыстарға Ә.Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы да ат салысты. Сол еңбектің арқасында «Материалы по казахскому землепользованию» аталатын том-том санақ кітаптар шықты. Ішінде адамдардың аты-жөні жазылған тізіміне дейін түгел бар.

Мен мысалы өзімнің атам Артықбайдың отбасы құрамы, шаруашылығы, адам және мал санын, егіншілігі мен кәісібі туралы толық деректерді осы құжаттардан білемін. Қаншасы ұл бала, қаншасы қыз бала болғанын, ауыл мектебіне тіпті қыз балалар да барғаны туралы деректерге дейін таптым. Мәселен біздің аймағымызға жасалған экспедиция болған, артынша басқа да өңірлерде экспедициялар жүргізіліп, статистикалық деректер жиналған. Әрине, бұл санақтың түпкі мақсаты қазақ жерін қарашекпендерге алып беру үшін дәлелдеме, дегенмен оны ғылыми жасауға , дәлелдеуге тырысқан. Осының арқасында біз ХХ ғасыр басындағы қазақ санын толық білеміз. Украиндар осы статистикалық зерттеулерді пайдалана отырып, адам басына дейін түгендеп шығарды. Ал біз, өкінішке қарай, олай жасай алмадық. Мәскеуге жалтақтадық", - дейді тарихшы.

Тәуелсіз Қазақстанда неге тарих әлі де күшеймеген?

Ғалымның айтуынша, бұл жерде бірнеше кедергі бар. Біріншіден, қазіргі уақытта оқу сапасы нашарлады, яғни тарих факультеттерін бітіретін жастар толық маман болып шықпайды. Мәселен, маман тарихшы болудың негізгі жолдарының бірі түпнұсқа деректерді оқу. Міне, тәуелсіздік жылдары тарих факультетін бітірген жастардың ішінде қаншасы ортағасырлық араб, парсы, қытай тілдерін игеріп шықты, тіпті біздің ХХ ғасыр басына дейін пайдаланған шағатай тілін де білмей шығады. Сапалы деп айта аламыз ба, әрине , жоқ. Біздің кезімізде тарихшы сутеднттер латын тілін оқушы еді, қазір ол да жоқ. Екіншіден, ХХ ғасыр тарихы туралы айтатын болсақ қазақ тарихшыларына көптеген архив деректері әлі де жабық. Бұрын НКВД құжаттарын алу жеңілдеу болғанымен, қазір құжат деректерін алу тәртібін қиындатып жіберді. Осы мәселе тарихшы зерттеушілерімізге бөгет болып тұр дейді.

Алайда басқа кезеңдер туралы айтар болсақ, ғалымның сөзінше, дерек жинаудағы мәселеге қарағанда бүгінгі ғалымдардың әдістемесі проблемаға айналып отыр.

"Бізде еуропоцентристік көзқарастар әлі басым. Бұл аяққа тұсау болып тұр. Екіншіден, батыс және шығыс деректеріне сүйенген дұрыс десек те, қазақтың өз деректері де бар, бұл – ауызша дәстүр. Мұны да ғылыми айналымға қосу керек. Мәселен сол батыс немесе Ресей деректерін алғанымызда да оған тәпсір керек. Құрғақ алып қоя салмай, оны толыққанды түсініп, контексіне назар аудара отырып қарастыруымыз керек.

Бізде, өкінішке қарай, ресейлік деректі кітапқа сол күйі енгізе салады, мәселен XVIII ғасырда Қазақ хандығының байырғы тұрғындарын бағындыру мәселелерін зерттеген Ресей империясы сенатының обер-хатшысы Иван Кирилловтың "Как управлять казахами" деген кітабын біздікілер сол күйі жариялай салды. Оны дәл сол қалпында жариялай салуға болмайды. Бұл Ресей империясындағы импершілдік көзқарас, өз ұстанымы, біз оны ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыруымыз керек", - дейді Жамбыл Артықбаев.

Мұның себебі деп тарихшы зерттеушілердің ғылыми деңгейінің төмендігі мен баспагерлердің хайп жасауға құмарлығын атап отыр.

"Мұны тіпті кәсіби тарихшылардың өзі жасайтын кездер болады, деректі басы жоқ, аяғы жоқ қолдана салады, орыс деректерін қазақ деректерімен салыстырып қарамайды. Мәселен орыс деректерінен Кенесарыны оқысаң, "бандит", "тонаушы" деп сипаттайды. Қазақ деректері тұрғысынан жазсаң, ол – ұлт-азаттық күресінің басшысы, қазақ тәуелсіздігін сақтап қалғысы келген ұлы тұлғалардың бірі. Осыны зерттеушілеріміз аңғара бермейді. Методологиялық дайындық өте төмен. Тарих философиясы, өкінішке қарай, не бакалавриатта, не магистратурада, не докторантурада оқытылмайды. Оның мамандары да жоқ. Қазақстан үшін этнология саласы мамандары өте қажет, біз аралда тұрып жатқан жоқпыз, жан-жағымыз өзге этностар, оның үстіне қазақтың этнографиясы да мардымды зерттелмеген. Этнологтарды дайындау өте қиын, сол себепті бізде жеңіл қолды археологтарды дайындау көбейіп кетті", - дейді ғалым.

Жас ғалымдар қандай бағыттарды зерттеуі керек?

Артықбаевтың айтуынша, қазіргі жас ғалымдарға жетіспей тұрғаны нақты академиялық тарихи зерттеулер дағдысы мен академиялық деңгейде жазылған ғылыми еңбектер.

"Мемлекет деңгейінде университет, институттарға көптеп көңіл бөлу керек. Менің күйттеп жүргенім – қазақтың байырғы, классикалық тілі қолданыстан шығып бара жатыр, архаизмге айналып барады. Тарихшылар қазақ тілін терең білуі керек. Баяғы билердің тілімен сөйлейтін, жаза алатын, соның астарын түсінетіндей деңгейде болуы керек. Мәселен басқа мамандық иелері аз ғана сөздік қорымен сөйлесіп жүре беруі мүмкін, ал тарихшылардың сөздік қоры бірнеше миллиондық болуы керек. Өйткені деректерді тарих қойнауынан аршып алу үшін терең білімі болуы керек.

Екіншіден, батыстық ғылыми еңбектермен жұмыс істеу мүмкіндігі көбейді. Батыс ғалымдарымен, ғылыми орталықтарымен, батыс еуропалық орталықтармен жұмыс істеп, солардың тәжірибесін, ғылыми әдебиеті мен методологиясын жақсы пайдалану керек. Бұл бағытта ақырындап дамып келеміз, бірақ батыстық зерттеу үлгілері бізге келді деп айта алмаймын. Біздің университеттеріміз батыстық деңгейге әлі келе алмай жатыр. Бізде авторитаризм өте күшті.

Мәселен ректор мен декандар профессорлар мен студенттер үшін қызмет жасауы керек, ал бізде керісінше. Сондықтан батыстық жұмыс, еңбек зерттеулерінің тәсілін меңгергеніміз дұрыс. Совет кезеңінде орыс зерттеу тәсілдерін меңгергенімізбен, ол әжептәуір жетістік болғанымен, қазір батыстық деңгейге ұмтылуымыз керек. Өкінішке қарай, бұл қиын", - дейді Артықбаев.

Ал үшіншіден, қазақ тарихын түсініп, қабылдау үшін этнографиялық білім болуы керек. Қазақ тарихына қатысты зерттеу жүргізетін кез келген тарихшы этнографияны танып барып қана қазақ тарихына ауысуы керек.

"Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмейтін, құндылықтарын түсінбеген адам қазақ тарихына зор еңбек сіңіре алмайды. Ал төртіншіден, қазақта әуесқойлық көбейіп кетті. Тіпті сол солақай әуесқойлықты ғылыми атағы бар адамдар жасайтын болған. Мысалы саясаттанудан диплом қорғаған адам тарихшы атанып жүреді. Өзге мамандық иелерінің де тарихқа араласуы өз алдына бір мәселе. Оған, әрине, шектеу қоя алмаймыз, дегенмен оның да бір шекарасы болуы керек. Әдебиетші болса, ол адам тарих жөнінде не айта алады? Айтса, кейбір тұсын айтар, бірақ толық анализ жасай алмайды. Тарихшы болу үшін алдымен 25-30 пәнді жақсы игеріп шығуң керек, екіншіден кәсіби ұстазың болуы керек", - дейді ғалым.

Қазақтың ДНҚ-сы бар ма?

Спикердің сөзінше, елімізде кейінгі кезде ДНҚ-зерттеулермен әуестену күшейіп кеткен. Бұл қоғамның санасына ғана әсер етпей, басшылықтағы кейбір шешімдерге де теріс әсер етіп жатады.

"Көші-қон органдарында шетелден келген қазақтарды қабылдау үшін ДНҚ-ны қолдану туралы жоба қабылданып кете жаздады. Неге десеңіз, қазақ екендігін дәлелдеу үшін ДНҚ-ға тапсырып, лабораторияда анықтау керек-мыс. Қазақта бірнеше ДНҚ бар. Біреу Иранға жақын, біреу Қытайға жақын, тағы бірі Моңғолияға жақын болуы мүмкін. Еуропа халықтарына да жақындығы бар қазақтар бар. Біз бір атадан тараған ел емеспіз. Біз саяси ұлт есебінде ХV ғасырдың басында әртүрлі тайпалар мен рулардан құралдық. Ант бердік, ел боламыз дедік, ұлт әрі мемлекет боламыз дедік. "Алаш" деген ұғым "жылқышы" дегенді білдіреді. Негізгі идеямыз деп осы Алаш ұғымын алдық.

Ал сол ДНҚ-мен әуестенушілер өздері де түсінбейді, мемлекет оған қаражат бөліп, ал халық оған қызығып жатыр. Осының салдарынан оралып жатқан қазақтардың ДНҚ-сын тексеру сияқты шешімдер қабылданып кете жаздады. Бұл шешім қабылданып кетсе, отбасымен келген адамның ДНҚ-сын тапсыртуға миллиондап қаражат жұмсалады. Яғни бизнеске, жемқорлыққа жол ашылар еді. Ал ДНҚ шын мәнінде сенің қазақ екеніңді анықтамайды. Мысалы G1, С, O деп нәтиже шығаруы мүмкін. Бірақ қазақ деген ДНҚ жоқ. Осы төрт мәселе шешілсе, ғылым дамиды", - дейді тарихшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2199410-alash-murasyna-oraldyq-belgili-galym-tauelsizdik-algaly-qazaqstan-tarihy-qalai-zhazylyp-zhatqanyn-aitty/