Top.Mail.Ru

Зектілері

1 данасы 15 мың теңге: Шымкент тұрғыны электронды темекі сатқаны үшін жазаланды

Жарияланған күні:

Электронды темекі
Электронды темекі. Көрнекі фото: Рexels.com

Шымкент тұрғыны электронды темекі сатқаны үшін жазаланды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғынға қатысты іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында іс қаралған. Ол Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы 1-бөлігі (шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату) бойынша айыпталған.

"Сотталушы "Mobilon" ұялы байланыс телефондарын сататын дүкенінде сатушы қызметін атқару барысында шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы, заңға қайшы екенін біле тұра ELFBAR атты маркалы 1 дана электронды темекісін 15 000 теңгеге сатқан", - делінген сот хабарламасында.

Сот мәліметінше, тұрғынның кінәсі өзінің, куәлердің жауаптары, айғақты затты алу хаттамасы, маманның қорытындысы және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелер жиынтығы арқылы толық дәлелденеді.

Шымкент соттарының ақпаратына сүйенсек, прокурор сотталушыға 100 (жүз) сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындауды сұраған. Ал тұрғын кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіріп, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.

"Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескерді. Іс бойынша оның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп тапты. Сот А.-ны Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 100 (жүз) сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады", - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201120-1-danasy-15-myng-tengge-shymkent-turgyny-elektrondy-temeki-satqany-ushin-zhazalandy/