Бес жылға сотталған вайнерлер Төребаев пен Шерниязов мерзімінен бұрын босатуды сұрады
Жарияланған күні:
Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша бес жылға сотталған танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов соттан мерзімінен бұрын босатуын сұрады. Бұл туралы "ҚазАқпарат" хабарлады.
Агенттік ақпаратынша, Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты іс материалы Түрксіб аудандық сотына қарауға жолданғанын мәлімдеді.
2022 жылғы ақпанда блогер Мейіржан Төребаев пен актер Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген еді.
20 сәуірде олар 10 тәулікке қамауға алынып, кейін қамауға алу мерзімі екі айға ұзартылды.
Осыдан соң қамауға алу мерзімі тағы бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі 21 қарашада өзгертілді.
12 желтоқсанда Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ісі сотқа жолданғаны белгілі болды.
21 желтоқсанда сот отырысы басталып, алдын ала тыңдауда айыпталушылардың адвокаттары бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұраған еді. Сондай-ақ Шерниязовтың адвокаты клиенттерінің әрекетінде қылмыс құрамының белгілері жоқ екенін айтып, оларға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.
2023 жылғы 23 маусымда Алматыда белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа, сондай-ақ қаржы пирамидасы ісі бойынша басқа да айыпталушыларға сот үкімі шыққанын жазған едік.
Сот Мейіржан Төребаевты Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша кінәлі деп танып (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару – ред. ескертпесі) және оны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды.
Мейірхан Шерниязов та Қылмыстық кодекстің 217-бабымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды және ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.
Көа ұзамай вайнерлер сот үкімімен келіспей, апелляциялық шғым түсірді, қаңтар айында сот істі қайта қарады.
2024 жылғы 1 ақпанда Алматы қалалық сотының судьясы Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысты іс бойынша Төребаев, Шерниязов және басқа да сотталғандардың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарды. Сотталушылар мен адвокаттардың аппеляциялық шағымын қараған судья бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201267-bes-zhylga-sottalgan-vainerler-torebaev-pen-sherniiazov-merziminen-buryn-bosatudy-surady/