Алматы облысында ер адам медорталықта шұғыл көмек көрсетілмегеніне шүйлікті
Жарияланған күні:
Алматы облысының тұрғыны Бауыржан Құндақбаев жеке медициналық орталықта өзіне шұғыл көмек көрсетілмегеніне шүйлікті. 65 жастағы науқас клиникада жасалған процедурадан кейін жағдайы күрт нашарлап кеткенін айтты, деп хабарлайды КТК.
Бауыржан Құндақбаевтың сөзінше, дәрігерлер инфаркттың алғашқы белгілерін байқаған бойда ем-шараны бастаудың орнына, жедел жәрдеммен оны өзге ауруханаға жіберген. 65 жастағы ер адам бұл жағдайдан кейін ажал құша жаздағанын алға тартты.
Алайда аталмыш медициналық мекеме қызметкерлері жұмысында мін жоқ екенін айтып отыр. Даулы мәселеден кейін орталықта тексеріс жүргізілген.
Бауыржан Құндақбаев қазір дәрісіз қалыпты өмір сүре алмайды. Науқас осыған дейін үш рет инфаркт алған. Ол мамырда медициналық орталыққа электрокардиография жасату үшін барған. Бірақ дәрігерлер оған коронарография деген процедура жасаған. Ер адам бұл жағдайдан соң жағдайы күрт нашарлап кеткенін жеткізді.
"Шыдай алмай кеткен кезде айттым "Қараңдаршы, асқынып тұр, денем қалшылдап отырмын". Сол кезде барып, "сізде инфаркт еке" деді. Өздері келісті де, жедел жәрдем шақырайық деді. Шын мәнінде өлім аузында жатқан адамды бұлар алды да, басқа ауруханаға жіберді. Ауқымды инфаркт алып жатқан адамды сол жерден бұлар ешқайда жібермей, емдеуі керек еді, не болса да. Қалай бұлар қорықпай, мені жедел жәрдем көлігіне салып, анау-мынау ауруханаға деді", - деп жанайқайын жетізді ол.
Науқас жедел жәрдеммен қаланың өзге бөлігіндегі кардиология институтына жеткізілген. Онда Бауыржан Құндақбаевқа төрт сағат ота жасалған. Дәрігерлер ер адамды ажалдан әрең аман алып қалған.
65 жастағы науқас жеке клиникадағы ақ халаттылардың шұғыл көмек көрсетпегеніне қапалы. Алайда аталмыш орталық мамандары оның сөзін жоққа шығарып, кардиологиялық көмек көрсетуге құжат жүзінде рұқсаттары жоқ екенін айтты.
"Әрине, жедел көмек көрсетілуі керек. Біз қаланың денсаулық сақтау басқармасы бұйрығы бойынша жұмыс істейміз. Наурыздан бастап, бұл ЖШС-де көрсетілмейді, жедел кооранарлық синдром кезінде, яғни инфаркт болып жатыр" деген сөз, "басталып жатыр" деген сөз. Ол бізде көрсетілмейді. Сондықтан бұйрық бойынша біз оны жатқызып, емдей алмадық", - деді орталықтағы кардиология бөлімінің меңгерушісі:
Телеарнаның хабарлауынша, осы жағдайдан соң, науқастың шағымы бойынша Алматы қаласының бас штаттан тыс кардиологы бастаған топ клиникада тексеріс жүргізген. Аталған жайтқа Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері пікір білдірген.
"Орталықта арнайы балалар кардиохирургы болмаса да, 2 балаға ашық ота жасалған. Тағы бір ересек науқасты хаттамаға сәйкес емдемеген. Яғни коронарографияның орнына ота жасалып, соның салдарынан науқас қайтыс болған. Мұндай жағдайлар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын өрескел бұзу болып есептеледі", - деді Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Дереккөз: КТК.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201454-olim-auzynda-zhatqan-adamdy-basqa-auruhanaga-zhiberdi-almaty-oblysynda-er-adam-medortalyqta-shugyl-komek-korsetilmegenine-shuilikti/