Top.Mail.Ru

Зектілері

Балқаштық кәсіпкерлер жаңа тасжол ашылғалы табысынан айырылғанын айтып шағымданады

Жарияланған күні:

Тасжол
Тасжол. Көрнекі фото: pixabay.com

Балқаш қаласының кәсіпкерлері жаңа тасжол салдарынан табысынан айырылып, банкрот алдында тұрғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қаланы айналып өтетін автобанның іске қосылуы клиент ағынын толығымен тоқтатқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін қалаға кіреберіс пен шығатын жолдарда орналасқан дәмханалар, дүкендер және жанар-жағармай құю бекеттері босап қалған.

"Кәсіпорындарымыз күн көріссіз қалды, өйткені нысандарымыз, құрылыстарымыз, жеріміз ешкімге қажетсіз. Жолды саларда біздің мәселемізді, 60-қа жуық шағын және орта бизнес нысандарының жағдайын ешкім ескермеді", - деп шағымданды кәсіпкер Лариса Кичирко.

Телеарна атап өткендей, Балқаш маңындағы ескі жолдың 10 шақырымдық бөлігінде ондаған дәмхана, дүкен, жанармай бекеті мен автокөлік қызмет көрсету орталықтары орналасқан. Бұрын бұл жерден туристер мен жүк көліктерінің жүргізушілері тоқтап өтетін. Ал қазір барлық трафик жаңа тасжолмен өтіп жатыр, салдарынан кәсіпкерлердің табысы күрт төмендеген.

Әкімдік өкілдері жаңа тасжолдың бойында кәсіпкерлерге арналған арнайы аумақтар белгіленгенін мәлімдеді. Алайда кәсіпкерлер жаңа орындарды жалға алу, құрылыс салу шығындары тым жоғары екенін айтып отыр. Олар шенеуніктерден бұрынғы жерлеріне пара-пар телімдер беруді сұрайды.

"Жол бойындағы қызмет көрсетуге арналған аумақтар қазірдің өзінде белгіленді. Тасжол бойында 11 гектар және қосымша 20 гектар бар, ол жерде 100-ден астам шағын және орта бизнес нысандары орналастырылады. Учаскелер тек аукцион арқылы беріледі", - деді Балқаш әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201519-balqashtyq-kasipkerler-zhanga-taszhol-ashylgaly-tabysynan-aiyrylganyn-aityp-shagymdanady/