Top.Mail.Ru

Зектілері

"Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма": Зайытов Байбазаровқа төтесінен сұрақ қойды

Жарияланған күні:

Ринат Зайытов
Ринат Зайытов. Фото: instagram.com/rinat_zaitov_resmi

Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру туралы заң жобасы қаралған мәжілісте баяндама оқыған премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа депутаттар бірқатар сұрағын қойды. Оның ішінде депутат Ринат Зайытов Түркістанның жаңа елтаңбасы туралы төтесінен сұрақ қойды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Заң жобасын талқылау кезінде премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Түркістанның ерекше белгісі туралы айтқан болатын. Осы баяндамасынан кейін депутат Ринат Зайытов сөз алды.

"Менің түсінігімде елтаңба деген біреу-ақ Қазақстанда. Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма? Осы жерін анықтап берсеңіз", - деп сұрады депутат.

Сонымен қатар депутат "ескерткіштерге озыңқы күтім" және "Тарихи, мәдени нысандардың киелігігін сақтау" деген сөздерге шүйлікті.

Алайда Байбазаровтың айтуынша, мұнда елтаңба туралы сөз болмаған.

"Қазақша атауларына келетін болсақ, мұнда елтаңба деген сөз жоқ, нышан деген сөз бар. Нышаны деп қаланың эмблемасын айттық. (...) Сөздерді ауыстыру керек болса, синоним сөздерді ауыстыруға уақыт бар", - деп жауап берді шенеунік.

Айта кетейік, Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру туралы заң жобасын мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда қабылдады.

Заң жобасы төрт тарау және 15 баптан тұрады. Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері:

  • Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру, дамыту және оның қызметін жүзеге асыру үшін құқықтық жағдайлар жасау, сондай-ақ оны жалпыұлттық маңызы бар қала ретінде тану;
  • Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен нысандарын, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағында орналасқандарын сақтау және олардың тұтастығын қамтамасыз ету бойынша тиімді басқару жүйесін құру.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201655-turkistan-basqa-memleket-bolyp-bolineiin-dep-zhatyr-ma-zaiytov-baibazarovqa-totesinen-suraq-qoidy/