"170-тен астам куәгерден жауап алынған": депутаттар Шерзат Болат ісі бойынша тергеу барысымен танысып қайтқанын айтты
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаттары Абзал Құспан мен Үнзила Шапақ Алматы облысына арнайы барып, Талғардағы Шерзат Болат өліміне қатысты тергеу барысымен танысқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бұл туралы мәжіліс депутаты, белгілі қазақстандық заңгер Абзал Құспан Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады. Ол соңғы күндері Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқанын, әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылғанын атап өтті.
Абзал Құспан әріптесі, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына барғанын жеткізді.
"Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлымен, облыстың полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық.
Мен заңгер ретінде бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарабынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін", - деп жазды ол.
Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам ұсталғаны белгілі. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы іс бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр.
"Сонымен қатар Шерзат Болаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде.
Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз.
Алғашқы нәтижелерге келсек, облыс прокуроры Берік Абызбайұлымен кездесу барысында тергеу амалдарының барынша заң аясында және тиянақты жүргізілуін талқыладық.
Облыстық прокуратура бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, бізге уәде берді", - деді Абзал Құспан.
Депутат алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттар туралы қоғаммен үнемі бөлісіп отыратынын айтып, қазіргі таңда кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Сонымен қатар мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.
Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатыр.
Ал 9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.
Кеше, 10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.
Кейін Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201747-sherzat-bolat-olimi-zangger-deputattar-almaty-oblysyna-baryp-tergeu-barysymen-tanysyp-qaitqanyn-aitty/