Шымкентте үш күнде көктайғақтан 200-ден аса адам зардап шеккен
Жарияланған күні:
Шымкентте көшеде тайып құлап, дәрігерге жүгінгендер көбейді. Мегаполисте небәрі 3 күн ішінде көктайғақтан жапа шеккендер саны 200-ден асып кеткен, деп хабарлайды OTYRAR.
Басылым мәліметінше, олардың арасында ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалғандары да бар. Дәрігерге жүгінгендердің басым бөлігі егде жастағылар, дейді ақ халаттылар.
"Үш күнде біздің ауруханаға 212 науқас жеткізілген. Он науқасқа ота жасалды. Ал қалған науқастарға алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаториялық емге жіберілді. Халықтың айтуынша, бұл жағдайға көктайғақ себеп болған", - деді №1 қалалық ауруханасы жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Эльдар Смағұлов.
Толассыз жауған қар қаладағы жол қозғалысына да айтарлықтай әсер еткен. Демалыс күндері мегаполисте 58 көлік апаты тіркелген. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ.
"Мереке күндері полиция күшейтілген режимде қызмет атқарды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты болған 58 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан тек материалдық залал келтірілген. Зардап шеккендер жоқ. Шымкент қалалық ПД жүргізушілерге қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін сақтау қажеттігі туралы ескертеді", - деді Шымкент ППП командирінің қызмет жөніндегі орынбасары Тоқтарбек Әшірбаев.
Айта кетсек, желтоқсан айы басталғалы көлік дөңгелегін қысқы түріне ауыстырмаған 100-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл шамамен 18500 теңгені құрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201876-shymkentte-ush-kunde-koktaigaqtan-200-den-asa-adam-zardap-shekken/