Таразда көпбалалы аналарға "Алтын алқа" және "Күміс алқа" табыс етілді
Жарияланған күні:
Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен көпбалалы аналарға "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларын табыстау рәсімі өтті.
Басқосуда шаһар басшысы алтын құрсақты аналарға ізгі тілегін жеткізді.
Егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде жиырма миллионнан асып, үлкен демографиялық көрсеткішке қол жеткізіп келеміз.
Көне шаһар – Тараз қаласының тұрғындарының да саны артып, бүгінгі күні 430 мыңға жетті. Сонымен қатар елімізде ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел азаматының орны биік екенін айғақтайды.
"Елімізде де көпбалалы аналарға қолдау қашан да аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де – соның айқын көрінісі", - деген Бақытжан Әмірбекұлы 6 анаға "Алтын алқа", 29 анаға "Күміс алқа" марапаттарын табыстады.
Марапат иелері өз кезегінде қала басшылығына шынайы ризашылығын жеткізіп, ізгі тілектер білдірді.
Жалпы, Тараз қаласы бойынша 2010-2023 жылдар аралығында 2 753 аналарға "Алтын алқа", 2 516 анаға "Күміс алқа" табысталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201913-tarazda-kopbalaly-analarga-altyn-alqa-zhane-kumis-alqa-tabys-etildi/