Қазақстандықтар сапасыз жолмен жүрген жағдайда ақы төлеуден босатылуы мүмкін
Жарияланған күні:
"ҚазАвтоЖол" басшысы Дархан Иманашев Астанада сәрсенбіде өткен брифингте елдегі ақылы жолдар туралы ереже дайындалып жатқанын, құжат қабылданған жағдайда қазақстандықтар сапасыз жол үшін ақы төлемейтінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Біз тиісті құжаттарда мына норманы қарастырғымыз келеді: егер ақылы жолда сапасыз қызмет көрсетілсе, яғни көлік кептелісі болып, жол қардан тазартылмаса, жөнделіп жатса, онда біз жолдың дәл осы бөлігі үшін ақы алмаймыз. Қазір заңнамалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз", - дейді Иманашев.
Ұлттық компания басшысының пікірінше, мұндай ереже қабылдау әділетті болар еді.
Айта кетейік, Қазақстанда қазір 17 ақылы жол бар. Олардың жалпы ұзындығы – 3 221 км.
"Астана - Шортанды" алғаш рет 2013 жылы ақылы жолға айналған. 2019 жылғы қаңтардан бастап "Астана - Теміртау", "Алматы - Қорғас" және "Алматы - Қонаев" жолдары ақылы қызмет көрсетуге көшкен.
2021 жылғы 23 қарашада "Астана - Павлодар", "Тараз - Қайнар", "Шымкент - Тараз", "Шымкент - Өзбекстан шекарасы", "Қонаев - Талдықорған", "Шортанды - Көкшетау" ақылы жолға айналған.
2023 жылы ақылы жолдар қатарына тағы алты бағыт – "Павлодар - Қалбатау", "Бейнеу - Ақжігіт", "Орал - Самара", "Павлодар - Омск"; "Көкшетау - Петропавл", "Орал - Саратов" қосылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201958-qazaqstandyqtar-sapasyz-zholmen-zhurgen-zhagdaida-aqy-toleuden-bosatyluy-mumkin/