Top.Mail.Ru

Зектілері

Қыз ұзатуда қызға айтылатын ең жылы тілектер

Жарияланған күні:

Ұзатылатын қыз сәукелесін ұстап отыр
Сәукеле. Көрнекі фото: massaget.kz

Қыз ұзату тойы – қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-ана үшін де, бауыр-туғаны үшін де, ұзатылар қыздың өзі үшін де, бір шаңырақтың мәпелеп өсірген қызын келін етіп түсіргелі отырған құдалар үшін де толқынысқа толы той. Бұл тойда тебіренбей тілек айту мүмкін емес. Назарларыңызға ұзатылар қызға айтылатын әсерлі тілектер топтамасын ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қыз ұзату тойы - қызын қанаттыға қақтырмай өсірген ата-ана, туыстар және келін түсіретін құдалар үшін толқынысқа толы той.
  • Мақалада ұзатылар қызға айтылатын ата-ананың, туыстардың тілектері мен жыр шумақтары берілген.
  • Тілектерде қызға жаңа өмірінде бақытты болуы, ата-енесіне сыйлы келін болуы, жұбайымен тату өмір сүруі тіленеді.

Ұзатылар қызға айтылатын тілектер massaget.kz, zharar.com, kznews.kz порталдарынан алынды.

Ата-ананың қызына айтылар тілегі

Аяулы қызым, бүгін сен ата-анаңның ақ батасын алып, жаңа өмірге қадам басқалы отырсың. Жаным қызым, өзіңе тілерім – жаңа үйіңнің құт-берекесі, жарыңның сенім артар серігі болғайсың!

Ата-енеңе, еліңе сыйлы келін, жарқын жүзді, мейірімді ана атанғайсың! Бүгін түтінін түтеткелі отырған шаңырағың бақыт мекеніне айналсын!

Ата-анаңның сенімін ақтап, жұбайыңмен бірге ұзақ ғұмыр кешуді нәсіп етсін. Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын! Бағың жанып, бақытты бол, жаным!

Айың оңыңнан тусын, жұлдызың жарық болсын!

***

"Бала бақытын қыздан іздейді, Қыз бақытын түзден іздейді" деген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп келді. Үлпілдеген үкіміз бізден өтті – сіздерге жетті. "Жібекті түте алмаған жүн етеді" дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік жүгі — өздеріңізде, қадірлі құдалар!

***

Мәпелеп өсірген аппақ гүл-қызым! "Қыз бала – қонақ" деген осы. Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым! Сені мұңайтқым келмейді, қуантқым келеді. Өйткені өз қалауыңмен теңіңді тауып, бақытты да ұзақ сапарға аттанып барасың. Мен осыны ойлап қуанамын! Бүгін жота басына қатар тігілген қос шыбығым – күйеу балам екеуіңе бар айтар тілегім: қараған ел қызығатын, қою көлеңкесі ел игілігіне асатын жемісті бәйтерекке айналыңдар. Ертең аппақ желегі желбіреп келін болғалы тұрған қызым, саған айтарым: сен де құдағилыққа жетіп, тілек айт! Бастарыңды — бұлт, бауырларыңды мұз шалмасын!

***

Айналайын қызым! Сен арқылы өрісіміз кеңейіп, жаңа жекжаттар тауып, құда-құдағи атанып отырмыз. Сен енді екі елдің арасындағы елшісің. Алдыңда жаңа өмір, жаңа орта, жаңа туыстар мен достар күтіп тұр. Сол ортамен тіл табысып, үйренісіп, босағасын аттаған әулетіңе туған қызындай болып сіңісіп кететініңе сенемін.

Менің тілегім — құдайым басыңнан бағыңды тайдырмасын! Бастағалы отырған жаңа өмірің бақытты, қызықты күндерден құралсын. Табалдырығын аттағалы тұрған босағаға жаңа басқан қадамың құт әкелсін! Әкең мен шешеңді қалай құрметтесең, атаң мен енеңді солай құрметтегін, күнім! Сыңарыңмен жұбың жазылмай, бақытты да тату-тәтті ғұмыр кешіп, өсіп-өніңдер. Бақытты болыңдар!

***

Айналайын жан қызым, бүгінгі ұзатылу тойың құтты болсын! Жаңа өмірге басқан қадамың оң болсын! Бақытты бол, қызым, өмір жолың ашық болып, көңіліңді мұң шалмасын! Күйеу бала екеуіңнің абыройларың артып, мерейлерің үстем болсын! Бүгін жаңа өмірге аттағалы отырған қадамың оң болсын! Күйеу бала екеуінің бақыттарың баянды болсын!

***

Қызым, еріңнің қияға ұшуға қамданған қанатына қарқын беріп, көкжиекті қамтыған ой-өрісіне серпін беріп, көктегі ісін ептейтін, қатесі болса екшейтін, тарылған жолын кең қылып, кетігі болса септейтін сұңғыла жары болғайсың. Пейіліңді кең ұста, иманың мен ақылдың екеуін де тең ұста. Үйіңнің берекесі, еліңнің мерекесі бол!

Ұзату тойы
Ұзатылып бара жатқан қыз. Көрнекі сурет: baribar.kz

Ұзату тойына арналған жыр шумақтары

Қимайды ұзатқан жақ қыз баласын,

Жүрегі қалай ғана сыздамасын?!

Құдалар, алақанға салып бердік,

Жұлып алып жүректің бір парасын.

Көңіл де, көз де тояр да, күйеу бала,

Болғайсың үш жұртыңа сүйеу, пана.

Жарыңның бақыты бол, жұлдызы бол,

Мұндай қыз бұл дүниеде біреу ғана.

***

Ұзатқанда

Ұлықбек Есдәулетов

Менен туған жырлардың ең сұлуы,

Мен өсірген жемістің ең шырыны;

Шабытымның жаралған шұрайынан,

Тал бойынан табылмас кемшілігі;

Ет жүрегім осынау дүниеге

Еркелетіп жіберген елшілігі –

Қызым менің барады ұзатылып.

Ұзатылып барады Назым қызым,

Тіршіліктің ерітіп қалың мұзын.

Бүршік жарған көктемде, гүлін ашып,

Басқа бақта өткізбек жазын, күзін.

Ұзатылып барады Назым қызым.

Жаратылған жат жұртқа жазмыштан,

Ұясынан жаутаңдап қазым ұшқан.

Қимастық пен қуаныш тайталасып,

Күтті көңіл тылсым бір саз ұғысқан.

Ардағыңды алысқа қимағасын,

Ет кескендей етіңнен киналасың.

Жүрегіңнің тамырын жұлғандай-ау,

Ішке сыйып, сыртыңа сыймағасын.

Жыр оқыңдар, жігіттер, ән айтыңдар,

Достарымның қатарын қарайтыңдар.

Бұл өмірде онсыз да жетіп жатыр,

Ақындарды ақымақ санайтындар.

***

Қызыма

Суырылып шықтың, қызым, өзегімнен,

Суынып кетпе жырақ өз еліңнен.

Бақытың берген шығар тізгініңді,

Бақытың келген шығар кезегімен.

Тұр міне, ұлы өмірің басталғалы,

Еркіндік, еркелігің тасталғалы.

Көтеріп жас отаудың керегесін,

Бірлесіп жанұяның бастар шағы.

Тілегі ата-анаңның тағың болар,

Батасы ел-жұртыңның бағың болар.

Ойланып ақылыңмен жүрер болсаң,

Құдайым ниетіміз қабыл болар.

Сағаңмен сарапқа түс күнім еркем,

Анаңмен бірге қалсын еркелігің.

Ата-анаңның үмітін ақта, жаным,

Барған елде сыйлы бол, бақытты бол!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202032-qyz-uzatuda-qyzga-aitylatyn-eng-zhyly-tilekter/