Шымкентте жыл басынан бері жол апатынан 81 адам қаза тапқан
Жарияланған күні:
Шымкентте жыл басынан 1356 жол апаты тіркеліп, салдарынан 81 адам қаза тапқан. Бұған көбіне жылдамдықты асыратын жүргізушілер кінәлі екен. Сонымен қатар мопедтердің қатысуымен 25 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Жауаптылар электросамокаттардың да қатысуымен болатын апаттардың бар екенін айтады, деп хабарлайды Ontustiktv.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы айларда жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай өскен. Әсіресе, көлік апаттары орталық көшелер мен ірі магистральдарда жиі тіркелген. Патрулдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан бері 406 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтаған. Оның негізгі себептері жылдамдықты арттыру мен бағдаршам ережесін бұзу болып отыр.
"400 мыңның ішінде мас халде басқару, жолдың қарсы бағытына шығу, жаяу жүргіншіге басымдық бермеу, бағдаршамның қызыл түсіне түсу деген сияқты жағдайлар бар. Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы едәуір өскен. Биылдыққа жыл басына бері 1356 жол көлік оқиғасы болып, 81 адам қаза болып, 1623 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен", - деді Шымкент патрульдік полкінің инспекторы Азамат Шадирбеков.
Үшінші мегаполис қауіпсіздігін бүгінде 11 мыңнан аса бейнебақылау камерасы бақылап отыр. 2025 жылға дейін көше қиылыстарымен аулаларда тағы да 10 мың дана бақылау жүйесі орнатылады. Көше қиылыстарындағы 300 орында "Сергек" камерасы қойылған. Олар күніне 1000-нан 1500-ға дейін құқықбұзушылықты анықтайды.
Жол-көлік қақтығысына көбіне мопедтер түседі. Алдағы уақытта мұндай апаттардың саны азаяды деген сенім бар. Өйткені аталған көлік түрін тізгіндегендер жүргізуші куәлігін алуы қажет, әрі көлік құралын тіркеуден өткізуге тиіс. Барлық талап 2025 жылдың сәуір айына дейін орындалуы шарт.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202044-shymkentte-zhyl-basynan-beri-zhol-apatynan-81-adam-qaza-tapqan/