Қазақ әуендері неге Instagram-нан жоғалды және мәселе қалай шешіледі: министрлік өкілі түсіндірді
Жарияланған күні:
Бір апта бұрын Meta компаниясына тиесілі Instagram әлеуметтік желісінде жарияланымға қосуға болатын әуендер қатарынан қазақ әндері жоғалып кеткені анықталды. Бұл туралы қолданушылар айтып шағымданған. KAZ.NUR.KZ тілшісінің ресми сауалхатына берген жауабында Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің өкілі жағдайды түсіндірді.
Мәселені кім көтерді?
Продюсер әрі музыкант Bahh Tee деген атпен танымал Бақтияр Әлиев Telegram-дағы арнасында музыканың жоғалу себебі туралы айтты. Ол мәселе қазақстандық KazAK авторлық қоғамымен байланысты екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Instagram құқықтары KazAK-қа бекітілген барлық музыкалық каталогты уақытша жойған. Бұған компанияның платформамен серіктестік келісімін ұзарта алмауы әсер еткен.
Қазақ музыкасы желіден қалай жойылды?
5,5 мыңнан астам құқық иеленушінің мүдделерін қорғайтын Қазақстандық авторлық қоғам немесе KazAK (ресми сайтында "2022 жылы қоғамда 5690-нан астам жергілікті мүше болды" делінген) бұрын Meta Platforms, Inc компаниясымен шарт жасасқан. Осы Шартқа сәйкес бірлестік қазақстандық авторларға өз туындыларын америкалық корпорацияға тиесілі Instagram платформасында пайдаланғаны үшін сыйақы алып келген.
Содан кейін KazAK осындай өкілеттіктерді берген авторларға роялти (Роялти – әдебиет, өнер немесе ғылым туындыларына, соның ішінде бағдарламалық өнімге кез келген авторлық құқықты пайдалану немесе пайдалану құқығын беру үшін жасалатын төлем) бөліп, төлеп келген.
Meta-мен жасалған шарттың қолданылу мерзімі аяқталған кезде, KazAK келісімшартты ұзарту кезінде авторлық сыйақыны ұлғайту туралы мәселені көтерген. Бірақ бұл сұраныс қанағаттандырылмай, ал келісім мерзімі аяқталғандықтан, Мета Instagram-нан қазақстандық авторлардың ән каталогы алып тасталған.
Meta жауабы қандай?
Кейінірек журналист Сырым Итқұлов бұл мәселеге қатысты Meta компаниясының ресми жауабын алған.
"Өкінішке қарай, біз KazAK-пен серіктестік келісімімізді ұзарта алмадық. Біздің серіктестіктер әрқашан өзгеруі мүмкін және біз серіктестеріміздің келісім жасамау құқығын құрметтейміз. Ән авторлары мен орындаушылардың авторлық құқығын қорғау біз үшін басты басымдық.
Нәтижесінде біз KazAK құқықтарын сақтайтын барлық каталогты лицензияланған музыкалық жинағымыздан уақытша жоямыз. Бұл кез келген ән ұсынылатынын білдіреді, яғни KazAK мүддесін қорғайтын кез келген әнді Facebook және Instagram-да қазіргі уақытта роликтерде және сторизде пайдалану мүмкін емес", - делінген корпорация жауабында.
Мәселе қалай шешілмек?
KAZ.NUR.KZ ресми сауалхатына берген жауабында Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің өкілі мәселе қалай шешілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, Meta мен KazAK арасындағы қатынастар шарттық қатынастарға жатады. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында бекітілген шарт еркіндігі қағидатына сәйкес, Әділет министрлігі үшінші тұлғалардың шарттық қатынастарына араласуға құқығы жоқ. Министрліктің рөлі шарт еркіндігін қамтамасыз ететін және адал емес әрекеттерден қорғауға мүмкіндік беретін құқықтық негіз құрудан тұрады.
Мәселенің шешу жолы, комитет жауабына сәйкес, Instagram платформасында немесе басқа тәсілдермен музыкалық туындыларды заңды түрде пайдалану үшін тиісті шарт жасасу қажет.
"Осыған орай, музыкалық туындыларды пайдаланғаны үшін роялти алу мәселесін шешу үшін KazAK пен Meta немесе авторлық құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі басқа ұйымдар шарт талаптарын келісе отырып жасасуы керек. Шарттың міндетті талаптарының бірі – роялти көлемін белгілеу. Егер тараптар келісімге келіп, тиісті шарт жасаса, музыка Instagram платформасында пайда болады", - делінген жауапта.
Комитет өкілдеріне "KazAK Meta-мен ынтымақтастық кезеңінде әртістерге авторлық төлемдерді төлемегені рас па? KazAK-қа қатысты санкциялар қолданыла ма?" деген сұрағымызға мынадай жауап қайырды:
"Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін KazAK-қа қатысты тексеру жүргізу қажет. Тексеру авторлық сыйақыны төлеу немесе төлемеу фактісін растайды немесе жоққа шығарады. Егер KazAK-тың "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" заңында белгіленген міндеттемелерді орындамайтыны анықталса, онда KazAK-қа заңнамада көзделген тәртіппен санкциялар қолданылады", - делінген ресми жауапта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202117-qazaq-auenderi-nege-instagram-nan-zhogaldy-zhane-masele-qalai-sheshiledi-ministrlik-okili-tusindirdi/