Алматыда коммуналдық қызмет үшін қарызын өтемегендерге су беру тоқтатыла бастады
Жарияланған күні:
Алматылықтардың қала су арнасына қарызы 700 миллион теңгеге жетті. Қарызын өтемегендерге қатаң шара қолданылып, су беру тоқтатылуда. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна хабарлағандай, "Алматы су" төлемнен жалтарғандарға қатысты қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Олардың қатарында пәтер иелерінен бөлек, заңды тұлғалар да бар.
Мәселен, жауапты мекеме қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізіп, қаладағы бір банкет залының берешегі 1 миллион теңгеден асып кеткенін анықтады.
"Біз бұған дейін бірнеше рет ескерту жібердік. Су үшін – 1 млн 456 мың, ал кәріз жүйесіне 501 мың теңге қарыз. Ескертулерге қарамастан, жазда тек 250 мың теңге ғана төледі. Бір жыл бойы қалған қарыз өтелмей келеді, сондықтан суды ажыратуға мәжбүрміз", - деді "Алматы су" МКК инженері Нұрсұлтан Сатыбалдиев.
Коммуналдық қызмет өкілдері жыл басынан бері сотқа 10 мыңға жуық щағым түсірген. Қарызды бірден өтеу қиындық тудырса, төлем мерзімін ұзарту үшін арнайы кепілдік хат арқылы жеңілдік алу мүмкіндігі бар.
"Алматы" арнасының хабарлауынша, бұл мүмкіндікті барлығы бірдей пайдалана бермейді екен, ескертулерді елеусіз қалдыратын көрінеді. Мамандар "мұның соңы коммуналдық қызметтерді өшіруге алып келеді" дейді.
"Ескертулер жауапсыз қалса, суды өшіреміз немесе арнайы сотқа шағымданамыз. Тұтынушылар 700 миллион теңге төлемеген. Оның ішінде 400 миллион теңге – заңды тұлғалар, 300 миллион теңге – көпқабатты және жеке меншік үйлерде тұратын тұрғындардың қарызы", - деді "Алматы Су" МКК департамент директоры Серік Шағыров.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202608-almatyda-kommunaldyq-qyzmet-ushin-qaryzyn-otemegenderge-su-beru-toqtatyla-bastady/