"Анамнан айырмауларыңызды сұраймын": марқұм Шерзаттың әпкесінің жалғыз ұлы үндеу жасады (видео)
Жарияланған күні:
Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимова "митингіге үндегені үшін" 15 тәулікке қамалып, елден қуылған болатын. Осыған байланысты желіде оның ұлының мемлекет басшысына үндеуі тарады. Үндеуде ол анасын елде қалдыруды сұраған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Видеоүндеу журналист Жан Ахмадиевтің Instagram-дағы парақшасында жарияланған.
"Менің анамды сот 15 тәулікке қамап, Қазақстан аумағынан шығару туралы үкім шығарған болатын. Менің анам – менің жалғыз асыраушым. Мен кәмелет жасқа толмаған баламын, 11 сыныпта оқимын. Анамның да менен басқа ешкімі жоқ. Мені анамнан айырмауларыңызды сұраймын. Менің анамның Қазақстаннан басқа барар жері жоқ. Біз қазақпыз! Анам да, мен де қазақ! Мен өзімнің елім үшін қызмет еткім келеді. Егер сот анамды Қазақстан аумағынан шығаратын болса, мен оны бес жылға дейін көре алмаймын. Үкімді өзіңіз қайта қарауыңызды сұраймын", - деді Мейірбек Бақытұлы.
Бұған дейін Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимова "митингіге үндегені үшін" 15 тәулікке қамалғанын жазған болатынбыз. Бұған қоса, Бақыт Қазақстан азаматы болмағандықтан, сот оны Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған.
Сонымен бірге Нұрымовтың тағы бір қарындасы Салтанат Нұрымоваға "бұзақылық" үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған. 10 желтоқсанда кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Кейін Марқұм Шерзат Болаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын еске саламыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202683-meni-anamnan-aiyrmaularyngyzdy-suraimyn-qarzhaubai-nurymovtyng-qaryndasynyng-zhalgyz-uly-undeu-zhasady/