"Ешкімге керек болмай қалдым": Арыстағы жарылыста зардап шеккен әскери далада қалғанын айтты
Жарияланған күні:
2019 жылы Арыстағы жарылыстан кейін мүгедек болып қалған ефрейтор әділдік іздейді. 31 жастағы Жомарт Мұғал Түркістан облысындағы әскери бөлімге 2017 жылы орналасқанын айтады. Қызметте жүрген жігітті Арыстағы апаттан соң басшылық снаряд қалдықтарын жинауға жіберіпті. Қауіпті заттарды тасып жүрген Жомарттың бетіне жарылғыш құралдардың бірі жарылған. Жедел түрде Алматыдағы госпитальға жеткізілген ол жансақтау бөлімінде жатып аман қалғанын айтады. KAZ.NUR.KZ тілшісі ефрейтормен тілдесіп қайтты.
"Бес жыл бұрынғы жарылыс кезіндегі оқиға толықтай есімде жоқ. Бізді басшылық жарылыстан қалған снарядттарды жинауға жібергенін білемін. Төрт жігіт болып бардық. Сөйтіп ату құралдарының бірін көтеріп жатқанымда жарылып кетті. Есімнен танып, контузия болдым. Аман қалуымның өзі таңғажайып. Өйткені снаряд басыма дейін кіріп, қазір қалдығы қалған. Хал үстінде жатқанымда мені Алматыдағы госпитальға жіберді. Біршама уақыт емделдім. Сол кезде Қорғаныс министрі Ермекбаев Нұрланның орынбасары Бектанов Мұрат келді. Жансақтау бөлімінде жатқанымда жағдайым жасалатынын, денсаулығымның барлығын қарайтынын, көмектесетінін айтқан. Бірақ уәде орындалған жоқ", - дейді Жомарт Мұғал.
Ауруханадан шыққан соң Жомарт президенттің үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталыпты. Бірақ қуанышы көпке созылмаған. Сол жылдың соңында денсаулығы жарамсыз деп жұмыстан басатылдым дейді. Не пәтерсіз, не жұмыссыз, не денсаулықсыз далада қалған ол қазір үшінші топ мүгедегі.
"Мен жарақат алған сәтте ата-анама басшылық тарапынан көптеген уәде берілген. Осы оңтүстік өңірінің командирі генерал-мойор Каракулов деген кісі тікелей барған. Жағдайым жасалатынын, көптеген ақша бөлінетінін, пәтермен қамтамасыз етілетінін айтып, уәде берген. Бірақ ол болған жоқ. Бәріне қызметі қымбат болған шығар. Бар мақсаттары шу шығармаса екен деп ың-шыңсыз бізді басу болды. Дегендеріне жетті. Мен өз антыма адал болдым. Оған өкінбеймін. Бір өкінерім жастай бар денсаулығымды әскери полигонда тастап, қажетсіз күйде қалғаным", - дейді Жомарт Мұғал.
Ер азамат әскери жәрдемақының өзіне даулап жүріп қол жеткізгенін айтады. Денсаулығына алатын жәрдемақыны қосқанда ай сайын қолына түсетін қаржы 150 мың теңгеге жетпейді. Осыған ашынған Жомарт Мұғал министр қабылдауына да жазылдым дейді. Бірақ бес жылдан бері мардымды жауап алмаған.
"Көшеге шықсам талып қала беремін. Талма ауруы осы жарылыстан кейін пайда болды. Денсаулығымды ешқандай кінәрат болмайтын. Енді міне қамал алар жаста үйден шығудың өзі мұңға айналды. Екі баламды асырауым керек. Жұмыс іздесем бәрі мүгедек деген құжатымды көріп, бас тартады. Ешкімге керек болмай қалдым. Басымда снаряд қалдығы қалған. Содан басым жиі сырқырайды. Көп ақпаратты ұмытатыным тағы бар", - дейді Жомарт.
Жігіттің жағдайын бір апта бойы зерттеген ведомства өкілдері болса Жомартқа 3 миллион теңгеге жуық қолдау көрсеттік деп жауап берді. Ал, жарылыстан аман қалған Жомартқа пәтер береміз деген жауаптылардың бәрі қазір темір торда екен. Мұрат Бектанов қаңтар оқиғасынан соң қамалса, Қайдар Қарақұлов Байзақтағы жарылыстан соң жауапқа тартылды.
"Азаматтың бұл жағдайы туралы Қарулы күштер басшылығы хабардар болмағасын, оның мәселесі қазір жіті назарға алынып отыр. Ефрейтор Мұғал Жомартты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қаралуда. Қорғаныс министрлігі тарапынан Шымкент қаласы әкімінің атына тұрғын үй беру бойынша көмек көрсету туралы хат жолданды.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі тарапынан уақытша тұрғын үй беру мәселесі қарастырылып жатыр", - дейді Қорғаныс министрлігі өкілдері.
Бұдан бөлек жауаптылар Жомарт Мұғалға қаржылай көмек беру де жоспарланып жатқанын айтты.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203655-eshkimge-kerek-bolmai-qaldym-arystagy-zharylysta-zardap-shekken-askeri-dalada-qalganyn-aitty/