Нахчыван келісімі не үшін өзгереді: министр орынбасары депутаттардың сұрағына жауап берді
Жарияланған күні:
Бүгін, 25 желтоқсанда мәжіліс түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін Түркі мемлекеттерінің халықаралық ұйымына айналдыру туралы түзетуді ратификациялады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бұл ұйым немен айналысатынын және басқа түркі тілдес мемлекеттері ұйымдарынан айырмашылығы қандай болатынын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Келісімге мемлекет басшылары 2022 жылы 11 қарашада Самарқанд қаласында қол қойды. 2021 жылғы 12 қарашада Ыстамбұлда өткен кезекті VIII саммитте Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін толыққанды халықаралық ұйым – Түркі мемлекеттері ұйымына айналдыру туралы тарихи шешім қабылданды. Бұл бастама ұйымның мәртебесін көтеруге және қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Түзетулер аясында хатшылықтың құжаттарын бекіту функциялары Сыртқы істер министрлері кеңесіне, оларды түпкілікті қабылдау функциялары Мемлекеттер басшыларының кеңесіне бекітіледі", - деп түсіндірді ІІМ өкілі.
Оның сөзінше, бұдан басқа Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы мен Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы сабақтас ұйымдар, ал Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры үлестес ұйымдар ретінде айқындалған.
Ұйымның байқаушы серіктестері ретінде Нахчыван келісімінен халықаралық форумдар алып тасталады.
"Хаттаманы ратификациялау Қазақстан Республикасы үшін бауырлас халықтармен өзара тиімді қарым-қатынастың және еліміздің түркі әлеміндегі көшбасшылық ұстанымын нығайтудың берік негізі болады", - деді ол.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан түркі тілдес мемлекеттер ұйымдары баршылық екенін, алайда бұл ұйымдардан бұл ұйым несімен ерекшеленетінін сұрады. Сондай-ақ ол сабақтас және үлестес ұйымдар түсінігін беруді сұрады.
Әлібек Бақаевтың сөзінше, түркі тілдес мемлекеттердің бес ұйымы бар. Олардың төртеуі екі топқа бөлініп отыр.
"ТҮРКСОЙ мен ТҮРКПА бұл ұйымға сабақтас органдар ретінде қарастырылған. Оның басты себебі – бұл органдардың шешімдері, бюджеттері, тағайындау жолдары ерекше. Мысалы ТҮРКПА-ның басшылығын депутаттар сайлайды, бюджетін депутаттар бекітеді. ТҮРКСОЙ-ды алатын болсақ, оның жанында арнайы ТҮРКСОЙ-дың жұмысын үйлестіру үшін министрлер кеңесі құрылған. Бұл ұйымға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері қарайды. Сондықтан министрлерге осындай құқық берілген. Яғни бюджет бекіту және тиісті мәселелерді шешу", - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Бақаев Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының да ерекшелігін айтып берді. Оның айтуынша, бұл екі ұйымның бюджеттерін сыртқы істер министрлері бекітеді және басшылығын мемлекет басшылары тағайындайды. Бұл, оның айтуынша, сабақтас және үлестес үйымдар арасындағы негізгі айырмашылықтары.
Осы тұста мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ТҮРКСОЙ мен ТҮРКПА ұйымдарының ұқсастығын айта келе, екі ұйымды біріктіру жоспары бар-жоғын сұрады.
Ішкі істер министрінің орынбасары екі ұйымды біріктіретін жоспар жоқ екенін айтты.
"Мұндай шешімді қабылдау үшін мүше мемлекеттер консенсус негізінде бір шешімге келуі керек. Ең басты айырмашылығы қызметі мен бағыттарында. Мысалы ТҮРКСОЙ-дың басты бағыты мәдени және өнер саласында қарым-қатынасты ұйымдастыру, ал қызметтері тиісті концерттерді ұйымдастыру, өткізу. Енді Түркі мәдениеті және мұрасы қорына келсек, негізгі бағыты – зерттеулер жүргізу және тиісті жобаларды қаржыландыру. Сондықтан екі ұйым бір-бірін толықтырады деген ойдамын, ал біріктіретін жоспар әзірше жоқ", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2204597-nahchyvan-kelisimi-ne-ushin-ozgeredi-ministr-orynbasary-deputattardyng-suragyna-zhauap-berdi/