"Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК директорына қатысты тергеу аяқталды
Жарияланған күні:
Антикор "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК директоры мен оның орынбасарына қатысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Тергеу нәтижесінде аталған тұлғалар кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесе отырып, мемлекет қаржысын жымқырған деген күдікке ілінді. Оларға спорт жабдықтарын сатып алу және туроператорлармен жоғары құны бойынша шарттар жасасу арқылы 584 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.
Сонымен қатар дирекция басшысы 2021 жылы жеке компанияның директоры ретінде Батыс Қазақстан облысында футбол мен допты хоккейді дамытуға бөлінген 161,9 млн теңгені заңсыз иемденді деген күдікке ілінді.
Қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
Айта кету керек, Конституцияның 77-бабы және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тек соттың заңды күшіне енген үкімі арқылы ғана танылуы мүмкін. Сондықтан бұл іске қатысты соңғы шешімді сот шығарады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекет басшысының заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жемқорлықпен күресті күшейтуді жалғастыруда.
Бұған дейін Антикордағы брифингте ресми өкіл Данияр Биғайдаров Қазақстандағы спорт саласындағы шығыны 13 млрд теңге болған 59 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205000-sportty-damytu-direktsiiasy-rmqk-direktoryna-qatysty-tergeu-aiaqtaldy/