Заңсыз жұмыстан шығарылған ТЖМ қызметкері сотта жеңіп шықты
Жарияланған күні:
Көкшетауда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты академиядан заңсыз жұмыстан босатылған қызметкер жұмысқа қайта алынып, жұмыс берушіден жалақы өндірілді. Бұл туралы Ақмола облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Соттың ресми Telegram-дағы арнасында жарияланған ақпаратқа сай, Көкшетау қалалық соты ТЖМ "М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясы" мемлекеттік мекемесіне еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру және мәжбүрлі жұмысқа шықпаған күндері үшін жалақыны өндіріп алу туралы азаматтық іс қарады.
Сот азаматшаның академияда медициналық бөлімнің басшысы болып жұмыс істегенін анықтаған. 2024 жылғы 15 қазанда жұмыс беруші Еңбек кодексінің 52-бабы 1-бөлігінің 16-тармағы бойынша тәртіптік жазасы бар қызметкердің еңбек міндеттерін дәлелсіз себептермен қайталап орындамағаны немесе қайта тиісінше орындамағаны үшін азаматшамен еңбек шартын бұзған.
Сот жұмыстан шығаруды заңсыз деп таныды, өйткені бұрын жасалған теріс қылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту заңнаманы бұза отырып жүргізілген. Қайталану белгісі алынып тасталды, себебі бірінші тәртіптік жазаның қолданылу мерзімі 2024 жылдың 12 қазаны аяқталды, ол мерзім қолданған күннен бастап алты айдан аспауы керек.
"Сот шешімімен еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды. Азаматша бұрынғы жұмыс орнына қайта алынды және оның пайдасына мәжбүрлі жұмысқа келмегені үшін жалақы өндірілді", - делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205378-zangsyz-zhumystan-shygarylgan-tzhm-qyzmetkeri-sotta-zhengip-shyqty/