Top.Mail.Ru

Зектілері

Биыл Шымкентке 387 мыңнан астам турист келген

Жарияланған күні:

Шымкент қаласы
Шымкент қаласы. Фото: gov.kz

Биыл Шымкентке келген туристер саны айтарлықтай артқан. Өткен жылы келушілер саны 340 мыңнан асса, биыл бұл көрсеткіш 387 мыңнан жоғары болған. Мамандар көрсеткіштің өсуі туризм саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың арқасы дейді, деп хабарлайды Otyrar.kz.

"Заманауи қонақ үй туризмнің дамуына айрықша серпін беретіні анық. Бізде 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 7 қонақ үй іске қосылды. 4 қонақ үй ендігі жылдың 1 тоқсанында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз", - деді Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов.

Сонымен қатар қаланың туризм саласын дамыту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында Қытайда өткен гастрономиялық жәрмеңкелер мен "Дәм-дәстүр" фестивалі бар.

Осындай ірі шараларды өткізуге мемлекеттен 106 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен, сала мамандары бұл қаражатты толықтай бюджетке қайтарып, демеушілер есебінен жүзеге асырғанын айтты.

"2024 жылы Қытай қалаларындағы жәрмеңкелерге мемлекеттен 32 млн теңге қаржы бөлінген. Біз бұны мемлекетке кері қайтарып, демеушілер есебінен, Қытайдың Үрімші қаласында "Жеті Тандыр" мейрамханасының қолдауымен Шымкент қаласының гастрономиялық фестивалін өткіздік. Бұл фестивальге 3 мыңнан аса адам қатысты", - деді Бексұлтан Әділханов.

Айта кету керек, мегаполистің туризм саласын дамыту бағытында "контентмейкерлердің" клубы құрылған. Жыл басынан бері Шымкенттік дарынды жастар әлеуметтік желілерде 180 бейнежазба жариялапты. Ал қаралым саны 2 млнға жуықтаған. Сала басшыларының айтуынша, шаһардың әсем жерлерін насихаттау туризмді дамытуға айтарлықтай үлес қосқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205503-biyl-shymkentke-387-myngnan-astam-turist-kelgen/