Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сот вайнер Мейірхан Шерниязовты мерзімінен бұрын босатудан бас тартты

Жарияланған күні:

Мейирхан Шерниязов
Мейирхан Шерниязов. Фото: instagram.com/make_sakevich

Алматының Түрксіб аудандық соты вайнер Мейірхан Шерниязовтың жазасын жеңілдету туралы өтінішін қарап, шешім шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Алматы соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шерниязов 2023 жылғы 23 маусымда Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Үкім 2024 жылғы 1 ақпанда заңды күшіне енген.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын – 814 120 806 теңге. Ал мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары 8 045 602 теңгеге бағаланды.

Қылмыстық кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру үшін сотталушы келтірілген залалды толық өтеуі немесе жазаны өтеу тәртібін бұзбауға тиіс болған.

"Алайда сот барысында залал өтелмегені анықталды. Ол тек 15 000 теңге мемлекеттік баж және жәбірленушілерге өтемақы қорына 58 340 теңге төлеген. Осыған байланысты және істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сот Шерниязовтың өтінішін қанағаттандырусыз қалдырды", - делінген хабарламада.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

2022 жылғы ақпанда блогер Мейіржан Төребаев пен актер Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген еді.

20 сәуірде олар 10 тәулікке қамауға алынып, кейін қамауға алу мерзімі екі айға ұзартылды.

Осыдан соң қамауға алу мерзімі тағы бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі 21 қарашада өзгертілді.

12 желтоқсанда Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ісі сотқа жолданғаны белгілі болды.

21 желтоқсанда сот отырысы басталып, алдын ала тыңдауда айыпталушылардың адвокаттары бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұраған еді. Сондай-ақ Шерниязовтың адвокаты клиенттерінің әрекетінде қылмыс құрамының белгілері жоқ екенін айтып, оларға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.

2023 жылғы 23 маусымда Алматыда белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа, сондай-ақ қаржы пирамидасы ісі бойынша басқа да айыпталушыларға сот үкімі шыққанын жазған едік.

Сот Мейіржан Төребаевты Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша кінәлі деп танып (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару – ред. ескертпесі) және оны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды.

Мейірхан Шерниязов та Қылмыстық кодекстің 217-бабымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды және ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.

Көп ұзамай вайнерлер сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді, қаңтар айында сот істі қайта қарады.

2024 жылғы 1 ақпанда Алматы қалалық сотының судьясы Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысты іс бойынша Төребаев, Шерниязов және басқа да сотталғандардың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарды. Сотталушылар мен адвокаттардың аппеляциялық шағымын қараған судья бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Бұған дейін Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты вайнер МейіржанТөребаевтың Қылмыстық кодексінің 73-бабында көзделген жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру туралы өтінішін қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205620-sot-vainer-meiirhan-sherniiazovty-merziminen-buryn-bosatudan-bas-tartty/