"Полицейлер қорлады": Түркістан облысы тұрғыны полицейлер ұрып-соғып, азаптағанын айтты
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Шардара ауданының тұрғыны Нартай Хожанов құзырлы орган өкілдерінен қорлық көргенін, полицейлер азаптағанын мәлімдеді. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ тілшісі материалында.
50 жастағы ер адам қыркүйек айында өзін шекарашылар полиция бөлімшесіне апарғанын айтады. Содан бері полицейлер ұрып-соғып, азаптағанын дәлелдей алмай жүрмін дейді.
"Тіркеуден өтуімді сұрап, мені полицияға алып кетті. Барған бойда жұдырық астына алды. Ернім қанап, қолым көгерді", - дейді Нартай Хожанов. Оның айтуынша, полицейлер жыныс мүшесіне зақым келтіріп, сегіз ешкіні ұрлағанын мойындауын сұраған.
"Қойшы екенім рас, бірақ ешқандай ешкі ұрлаған жоқпын", - дейді ол.
Жәбірленушінің айтуынша, ешкі ұрлады деп көрші отардағы шопан айтқан. "Жала жапты" деген ол қойшы да тепкі астында қалғанын жеткізді. Есі кіресілі-шығасылы тұрған ер адамды полицейлер әуелі ауруханаға, кейін жездесінің үйінде апарған. Осылай деген Нартай Хожановтың денсаулығына зиян келгенін әуелі әйелі байқаған.
"Жағдайымның ауыр екенін әйелім байқады. Сөйтіп, әпкеммен прокуратураға арыз жаздық. Кейін үйіме мені қорлаған Нұрлан Жәрменов келді. Кешірім сұрап, ұрлықты басқа біреу жасағанын айтты. Бірақ бәрі кеш еді. Өйткені дәрігерлер маған өте ауыр диагноз қойды", - дейді жыларман болған жігіт ағасы.
Ол "сегіз ешкіні ұрлады деп ұрып-соқты деген азаматтар үш айдан бері жазасыз келе жатқанын" айтады. Оның сөзінше, прокуратура арыздың дәлелі жоқ деген себеппен арызды қабылдамаған, ақыры адвокат жалдап, әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізуді жөн көріпті.
"Нартай Хожанов бізге желтоқсан айында келді. Сол кезде видеоүндеу жасап, ақыры прокуратура қылмыстық іс қозғады. Алайда онда бір ғана бап көрсетілген. "Билігін асыра пайдалану" бабына "Азаптау", "Адам ұрлау" баптарының да қосылуын талап етеміз", - дейді жәбірленушінің заңды өкілінің көмекшісі Жадыра Наурызбайқызы.
Өкініштісі сол – жалғыз қыз тәрбиелеп отырған Нартай Хожановтың енді балалы болуы екіталай. Өйткені ер адамды азаптады деген құзырлы орган өкілдері оның жанды жеріне зақым келтірген. Соның кесірінен әлі күнге дейін отырып-тұрған кезде қиналады екен. Өзі Өзбекстаннан он жыл бұрын қоныс аударған қандас жұрттың қойын бағумен күнелтіп келеді екен. Келіншегі болса мектеп асханасында жұмыс істейді.
"Түркістан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы Хожановтың арызы негізінде Шардара АПБ-нің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі таңда қылмыстық істің тергеу барысы бақылауға алынып, облыс прокуратурасының нұсқауына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жургізілуде", - дейді Түркістан облысының прокуратурасы.
Әділдік іздеген қойшы өзін азаптады деген үш адамның жазасыз қалмауын талап етіп отыр.
Авторы: Назерке Еркінбекқыз
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205624-politseiler-qorlady-turkistan-oblysy-turgyny-politseiler-uryp-sogyp-azaptaganyn-aitty/