Top.Mail.Ru

Зектілері

Менделеев кестесін кім және қалай ойлап тапқан

Жарияланған күні:

Дмитрий Менделеев
Дмитрий Менделеев. Фото: womenofrussia.online

Химияның даму тарихында ең ірі жаңалықтардың бірі – Менделеевтің периодтық кестесі. Бұл жаңалық химия ғылымының негізін қалап, элементтердің қасиеттерін түсінуге жол ашты. Бірақ оны жасау оңай болмады, бұл ғылыми еңбектің артында көпжылдық зерттеулер мен ой-толғаулар жатыр.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Дмитрий Менделеев 1869 жылы химиялық элементтердің периодтық кестесін құрастырды, элементтерді атомдық массаларының өсу ретімен орналастырып, олардың қасиеттерін салыстырды.
  • Менделеев кестесінде әлі ашылмаған элементтерге де орын қалдырып, олардың қасиеттерін болжады, кейін бұл болжамдар расталды.
  • Бұл жаңалық химияның дамуына үлкен әсер етті, элементтердің құрылымы мен байланысын түсінуге көмектесті және қазіргі химия, биохимия мен материалтанудың негізін қалады.

Менделеевтің өмірі мен химияға қызығушылығы

Дмитрий Иванович Менделеев 1834 жылы Ресейдің Тобольск қаласында дүниеге келген. Жас кезінен-ақ ол білімге құмар болып, ғылымға ерекше қызығушылық танытты. Britannica энциклопедиясы мәліметі бойынша, 1855 жылы Петербургтегі Бас педагогикалық институтты аяқтаған соң, химия саласында зерттеулер жүргізуге кірісті.

Менделеев тек химик емес, физика, экономика, метеорология және тағы басқа салаларда да із қалдырған әмбебап ғалым еді. Оның ғылымдағы ең басты жетістігі – химиялық элементтердің периодтық кестесі.

Менделеев кестесі
Менделеев кестесі. Фото: artlebedev.ru

Периодтық кестенің пайда болу тарихы

Chemicool.com сөздігіндегі ақпаратқа сәйкес, 19-ғасырдың ортасына қарай көптеген химиялық элемент ашылып, олардың қасиеттері зерттеле бастады. Бірақ бұл элементтерді бір жүйеге келтіру өте қиын болды. Менделеев осы мәселені шешуді өзіне мақсат етті.

1. Зерттеу және мәліметтерді жинау Менделеев химиялық элементтер туралы барлық деректерді жинап, олардың атомдық массасын зерттей бастады. Ол элементтер арасында белгілі бір заңдылықтардың бар екенін байқады.

2. Кестенің құрылуы 1869 жылы Дмитрий Менделеев элементтерді атомдық массаларының өсу ретімен орналастырып, олардың химиялық қасиеттерін салыстырды. Осылайша, элементтердің қайталанатын қасиеттері негізінде оларды топтарға бөлді. Бұл жүйелеу элементтердің қасиеттерін алдын ала болжауға мүмкіндік берді.

3. Болжау қабілеті Менделеев өз кестесінде әлі ашылмаған элементтерге де орын қалдырды. Ол олардың қасиеттерін де болжап жазып шықты. Кейін бұл элементтер, мысалы, германий, галлий және скандий, ғалым айтқандай ашылып, оның кестесінің дұрыстығын дәлелдеді.

Неге бұл жаңалық маңызды болды?

Менделеевтің кестесі химияның дамуына үлкен әсер етті. Оның арқасында ғалымдар химиялық элементтердің құрылымы мен олардың байланысын түсінді. Бұл жаңалық қазіргі химия, биохимия және материалтанудың негізін қалады.

Ресей ғылым академиясында жарияланған мақалада Менделеевке мынадай баға берілген:

"Гений химик, бірінші дәрежелі физик, гидродинамика, метеорология, геология және химиялық технологияның әртүрлі салаларында (жарылғыш заттар, мұнай, отын туралы ілім және т.б.) өнімді зерттеуші, химия және физикаға жақын басқа да салаларда терең білімі бар, химиялық өндірістің, әсіресе, Ресей өндірісінің білгірі, халық шаруашылығы туралы ілімде өзіндік ойшыл...", - деген орыс ғалымы Лев Чугаев.

Менделеевтің ерте ғылыми еңбектері изоморфизмді және меншікті көлемдерді зерттеуге арналған, онда бірнеше маңызды қорытындылар жасалды. Ол "сұйықтықтардың абсолютті қайнау температурасын" ашты. Органикалық химия бойынша алғашқы отандық оқулықты жазды. Оның "Химия негіздері" атты іргелі еңбегі Менделеевтің өмірінде сегіз рет басылып шыққан.

Алғашқы басылым бойынша жұмыс істей отырып, ол химиялық элементтердің қасиеттерінің олардың атомдық массаларына тәуелділігі туралы идеяға келді. 1869-1871 жылдары периодтылық туралы ілімнің негіздерін баяндап, Периодтық заңды ашты және химиялық элементтердің Периодтық жүйесін жасады.

Осы жүйенің негізінде ол алғаш рет бірнеше әлі ашылмаған элементтердің, соның ішінде "экаалюминий" – галлийді (1875 жылы ашылды), "экабор" – скандийді (1879) және "экасилиций" – германийді (1886) болжады және олардың қасиеттерін сипаттады.

Неге посткеңестік елдерде ғана "Менделеев кестесі" деп аталады?

Посткеңестік елдерде периодтық кестені "Менделеев кестесі" деп атау кең таралған, ал шетелде оны көбінесе "Периодтық кесте" (Periodic Table) деп атайды. Оның бірнеше себебі бар.

Дмитрий Менделеев периодтық заңды ашып, химиялық элементтердің жүйеленуін ғылыми негіздеген тұлға болды. Посткеңестік елдерде оның есімі тек ғылымда ғана емес, ұлттық мақтаныш ретінде де кеңінен дәріптелді. Кеңес Одағы кезеңінде ғылым мен мәдениеттің ресейлік жетістіктерін ерекше насихаттау саясаты жүргізілді. Сондықтан бұл кесте оның құрметіне аталды.

Кеңес Одағы кезінде Менделеевтің есімі ұлттық ғылымның символы ретінде насихатталды. Оның ғылыми еңбектері оқу орындарында, ғылыми институттарда ерекше үлгі ретінде қаралды. Сондықтан оның есімі посткеңестік кеңістікте ерекше құрметке ие.

Дмитрий Менделеев
Дмитрий Менделеев. Фото: uznayvse.ru

Ал Батыс елдерінде ғылыми жетістіктерді көбінесе авторлық есімдермен емес, бейтарап атаулармен атау дәстүрі қалыптасқан. Мысалы, көптеген ғылыми жаңалықтар авторының есімімен аталғанымен, химияда "периодтық кесте" деп аталады, себебі бұл – бүкіл адамзаттың ғылыми мұрасы деп есептеледі.

Периодтық кестені ашқан Менделеев қана емес

Менделеев периодтық заңды ашқан жалғыз ғалым емес. Онымен қатар, неміс ғалымы Юлиус Лотар Мейер де элементтерді атомдық массалары бойынша жүйелеу жұмыстарын жүргізген. Бірақ Менделеевтің еңбегі ерекше, себебі ол әлі ашылмаған элементтердің бар екенін болжады және олардың қасиеттерін дәл сипаттады. Батыс елдерінде бұл жетістік бір ғана ғалымның есімімен шектелмей, жалпы құбылысты сипаттауға арналған.

Алайда посткеңестік елдерде "Менделеев кестесі" деп атау күнделікті тұрмыста жеңіл және ыңғайлы атау болып кетті. Бұл дәстүр сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Дмитрий Менделеевтің периодтық кестесі – тек химия ғылымындағы ғана емес, жалпы адамзат тарихындағы ұлы жетістіктердің бірі. Бұл жаңалық оның еңбекқорлығы мен ғылыми дарынын көрсетеді. Бүгінде бұл кесте – барлық мектептерде оқытылады және химия саласындағы ең маңызды құрал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205806-mendeleev-kestesin-kim-zhane-qalai-oilap-tapqan/