Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттегі аудан әкімдігі бір қоқыс жәшігін 64 мың теңгеге сатып алмақ болған

Жарияланған күні:

Қоқыс жәшігі
Қоқыс жәшігі. Көрнекі фото: Bryan Mullennix / Getty Images

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімдігі бір қоқыс жәшігін 64 мың теңгеге сатып алмақ болған. Шенеуніктер осылайша мемлекеттің 14,5 млн теңгесін жұмсауды жоспарлапты. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер мұндай бассыздықтың жолын кескен, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Қаратау ауданының әкімдігі 14,5 млн теңгеге қоқыс жәшігін сатып алмақ болған. Яғни, 225 дана електің әрқайсысына 64 мың теңгеден жұмсауға тырысқан. Алайда Шымкенттің Антикор қызметкерлері шенеуніктердің мұндай әрекетінің жолын кесіп, 14,5 млн теңгені үнемдеп қалған.

"Қаратау ауданы әкімдігі 64 мың теңгеге 225 қоқыс жәшігін сатып алуды жоспарлаған. Біздің ұсынысымыздан кейін аудан әкімдігі сатып алудан бас тартып, 14,5 млн теңге үнемделді",- дейді Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Алексей Колосков.

Мемлекеттік сатып алуда мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсамақ болғандар қатарында әкімдік қызметкерлері ғана емес екен. Тіпті балабақшалар да әртүрлі тауарлардың бағасын көтеруді ұнататыны байқалған.

"№65 "Балбұлақ" мемлекеттік балабақшасы 2 млн теңгеге 500 бума қағаз сатып алуды жоспарлаған. Ұсынысты ескере отырып, мектепке дейінгі мекеме сатып алу көлемін 100 бумаға дейін және тауар бірлігінің бағасын нарықтық 1880 теңгеге дейін төмендетті. Үнемделген қаржы 1,8 млн теңге", - дейді Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Алексей Колосков.

Бұдан өзге мемлекеттік сатып алуға қатысатын кәсіпкерлер үшін шенеуніктер әртүрлі әкімшілік кедергілерді ойлап тауып жүрген көрінеді. Антикор құрылысқа қатысы жоқ жұмысқа құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу арқылы жеткізушілерге "артық" біліктілік талаптарын енгізген жағдайларды да анықтаған.

Мәселен, ведомство қызметкерлері Еңбекші ауданында жолдарды жарықтандыру кезінде бірқатар заң бұзушылықты анықтапты. Аудан әкімдігі бұл жұмыстарға шамамен 1 млрд-тан астам теңге жұмсауды жоспарлаған.

"Мысалы, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының 1,1 млрд теңге сомасына жолдарды жарықтандыруды орнату жөніндегі лотта тапсырыс беруші Еңбекші ауданы әкімдігі мен мемлекеттік сатып алу басқармасы атынан "Электр жабдықтары мен ұқсас аппаратураларды жөндеу мен қайта жаңарту жөніндегі жұмыстар" кодын, яғни құрылыспен байланысты емес жұмыстарды негізсіз қолданды.

Бұл конкурстық құжаттамаға әлеуетті өнім берушілердің Шымкентте жарықтандыру тіректерін, кронштейндерді, жұмыстарды жүргізуге арналған шамдарды жөндеу жөніндегі арнайы станоктармен жабдықталған өндірістік базасының болуы туралы шарттарды қосуға мүмкіндік берді. Іс жүзінде құрылыс-монтаж жұмыстары сатып алынды және "көше жарықтандыру жүйелерін салу бойынша жұмыстар" коды қолданылуы керек еді", - дейді Алексей Колосков.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктілері іске араласқаннан кейін мемлекеттік сатып алу басқармасы аталған барлық сатып алулардың күшін жойған. Ал бес аудан әкімдігі қалалық бюджетке 2,5 млрд теңге қайтарып берді. Мұндай жағдайлар көп дейді ведомство өкілдері. Олардың сөзінше, бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тізімінде алғашқы орында құқық қорғау органдары мен білім беру саласы тұр.

Айта кетейік, биыл Антикор спорт, әлеуметтік қорғау, жер қатынастары және сәулет, автожолдарды салу және жөндеу салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 5 сыртқы талдау жүргізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206221-shymkenttegi-audan-akimdigi-bir-qoqys-zhashigin-64-myng-tenggege-satyp-almaq-bolgan/