Адамдардың айқайлағанын естідік: Ақтау маңында ұшақ апатын көрген полицей көмекке ұмтылды
Жарияланған күні:
Ақтау түбінде болған ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсеткендердің қатарында Түпқараған аудандық жергілікті полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Сәкен Ақманов та бар. Бұл туралы Маңғыстау облысының Полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Тәртіп сақшысы сол сәтте алған әсерімен бөлісті. Сәкен Ақмановтың айтуынша, мереке қарсаңында полиция қызметкерлері әдеттегідей өздеріне бекітілген аумақта қызмет атқарған.
Алайда олар бір сәтте аспанда ұшып бара жатқан ұшақты байқады, ол бірнеше минутта жерге құлады. Оқиға орнына тәртіп сақшылары аттанды.
Ұшақ ішіндегі адамдардың айғайлаған дауысын естіген полицейлер Маңғыстау өңірлік электр желілері кәсіпорнының да кезекші мамандарымен бірге жолаушыларды шығарып, жедел жәрдем мамандарына тапсырды.
Әдетте мұндай көріністерді тек фильмдерден көретін қызметкерлерге оңай болған жоқ.
Учаскелік инспектор Сәкен Ақмановтың ішкі істер органдарында қызмет еткеніне 10 жыл болса да, мұндай оқиғамен бірінші рет кездесіп отыр.
Ал Абай Өргешбаев Маңғыстау өңірлік электр желілері кәсіпорнында (МЭК) электрик болып жұмыс істейді. Сол күні ол әріптестерімен күнделікті қызметте болды.
Әуе кемесі құлаған сәтте оқиға орнына жетіп, жолаушыларды құтқаруға атсалысты.
"Қолдарынан келгеннің бәрін жасаған қызметкерлер ұшақ апатында қаза тапқан жолаушылардың отбасылары мен туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады", - деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция департаменті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206442-adamdardyng-aiqailaganyn-estidik-aqtau-mangynda-ushaq-apatyn-korgen-politsei-komekke-umtyldy/