Top.Mail.Ru

Зектілері

Шымкентте балалардың мүгедектік мерзімін ұзарту үшін пара алғандарға үкім жарияланды

Жарияланған күні:

Судья үкім оқып тұр
Судья. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шымкентте балалардың мүгедектік мерзімін ұзарту үшін пара алғандарға үкім жарияланды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлайды.

Басылым мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Б. және И.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталған.

Сотталушы Б. Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра бірнеше рет пара алу) бойынша, ал сотталушы И. Қылмыстық кодекстің 368-бабы 2-бөлігі (парақорлыққа бірнеше рет делдал болу, яғни пара берушiге және пара алушыға олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге және оны iске асыруға ықпал ету) бойынша айыпталған.

"Б. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарып жүріп, бірнеше рет балалардың мүгедектік мерзімін ұзарту бойынша жалпы 500 мың теңге пара алған.

Сонымен қатар И. Шымкент қаласының ДСБ № 12 емханасының медбикесі бола тұра, 500 000 теңге парақорлыққа делдал болған", - делінген хабарламада.

Сотталушылардың кінәсі өздерінің, куәлардың жауаптары, жасырын тергеу әрекеттері, заттай дәлелдемелер мен басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығы көмегімен толық дәлелденеді.

Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар жасаған кінәларын мойындап, істеген іс-әрекеттеріне шынайы өкініш білдіріп, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

"Сот Б.-ға жаза тағайындауда қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында жасөспірім балаларының болуын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін, ал ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын ескерді.

И.-ға жаза тағайындауда қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін, ал ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын ескерді. Сот Б.-ны Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 23 333 333 теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады. И.-ды Қылмыстық кодекстің 368-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 млн теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206862-shymkentte-balalardyng-mugedektik-merzimin-uzartu-ushin-para-algandarga-ukim-zhariialandy/