Top.Mail.Ru

Зектілері

Маңғыстау облысында екі әкім ауысты

Жарияланған күні:

Қанат Құлжанов пен Ержан Күмісқалиев
Қанат Құлжанов пен Ержан Күмісқалиев. Фото: t.me/mangystau_press

Маңғыстау облысында екі ауданға – Мұнайлы мен Түпқарағанға жаңа әкімдер тағайындалды. Бұл лауазымдарды тиісінше Қанат Құлжанов пен Ержан Күмісқалиев атқарады, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған аудандық мәслихатының депутаттарына Президент Әкімшілігімен келісілген аудан әкімі лауазымына осыған дейін Мұнайлы ауданының әкімі болған Ержан Күмісқалиевтің кандидатурасын ұсынды.

Ержан Күмісқалиев 1983 жылы туған. Білімі жоғары. 2003 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2007 жылы Жаңаөзен қаласында мұғалім болып бастаған.

2007-2008 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласының № 3 орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болды.

2008-2016 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маман-заңгері және әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы, басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы, басқарма басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

2016-2019 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары болды. 2019-2021 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымын атқарды.

2021-2022 жылдары Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді.

2022 жылдың сәуір айынан бастап осы күнге дейін Мұнайлы ауданы әкімі қызметін атқарды. Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдады. Олар Ержан Күмісқалиевтің тәжірибелі басқарушы ретінде білетіндерін айтып, сенім білдірді.

Аймақ басшысы осы күнге дейін Түпқараған ауданының әкімі болған Рахат Елтизаровтың жұмысына алғыс айтып, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.

Қанат Құлжанов 1979 жылы Жаңаөзен қаласында туған, білімі жоғары.

2001 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Маңғыстау облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу орталығының бас маманы лауазымынан бастады.

2002-2007 жылдар аралығында Жаңаөзен, Ақтау қалаларында прокуратура саласында қызмет етті. 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Хатшылықтың Бас Прокурорының аға көмекшісі лауазымына дейін көтерілді.

2012-2016 жылдар аралығында Байқоңыр қаласының прокуроры, 2016-2018 жылдары Қызылорда облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2018-2019 жылдар аралығында Бас көлік прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы және Бас көлік прокурорының халықаралық байланыстар жөніндегі аға көмекшісі, Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің Ұйымдастыру жұмысы басқармасының бастығы лауазымдарын атқарды.

2019-2023 жылдары "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры және бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды.

2023 жылдың ақпан айынан бастап осы күнге дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.

Депутаттар облыс әкімі ұсынған кандидатты қолдады.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Қанат Құлжановқа ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206866-manggystau-oblysynda-eki-akim-auysty/