Шымкенттің үздік жастары марапатталды
Жарияланған күні:
Шымкентте "Үздік жастар - 2024" қала әкімінің жастар сыйлығынының марапаттау салтанаты өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға өңір басшысы Ғабит Сыздықбеков қатысып, түрлі аталым бойынша үздік шыққан жастарды марапаттады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шымкент ӨКҚ Instagram-дағы мәліметіне сүйенсек, қала әкімі өз сөзінде жастар саясаты мемлекеттің басты назарында екенін атап өтіп, осы тұрғыда аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Ол құттықтау сөзін қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің жастарға айтқан сөзімен бастады.
"Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер" деп көрнекті жазушы айтып кеткендей, жастар тек іздену арқылы ғана үлкен биікке шыға алады. Ал боламын деген балаға біздің мемлекетіміз қашанда қолдау көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев "Ұлтымыздың басты капиталы – терең білімді жастар" деп сенім білдіруде. Сондықтан ел үмітін ақтар дәл осындай үздік жастар қашанда үлкен марапаттарға лайық. Ал бүгінгі қолдаушылар ертеңгі үздіктер болатынына сенемін", - деп құттықтады Ғабит Әбдімәжитұлы.
Қала әкімі "Үздік жас" жастар сыйлығының номинанттарын құттықтап, талантты жастарды қолдау шаралары алдағы жылдары да жалғаса беретінін атап өтті. Жалпы бұл конкурсқа 153 қатысушы өтінім қалдырған. Олардың ішінде 20 жастың жұмысы үздік деген номинацияға ие болды.
"Дәстүрге айналған "Үздік жастар - 2024" байқауының негізгі мақсаты - қаламызда мемлекеттік жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, қоғамның түрлі салаларындағы жастарға қолдау көрсету, жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеру және ынталандыру.
Байқауға қаламыздан 14-35 жасқа дейінгі жастардан 153 жас өтінім білдіріп, комиссия отырысының шешімімен 20 жас өз саласының үздігі деп танылды" - деді Жастар ресурстық орталығы КММ басшы орынбасары Аружан Әлжан.
Жыл көшбасшыларына қала әкімінің атынан диплом мен сыйлықтар табыс етілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206875-shymkentting-uzdik-zhastary-marapattaldy/