Шымкентте кезекте тұрған 183 тұрғынға пәтер кілті табысталды
Жарияланған күні:
![Ғабит Сыздықбеков тұрғындарға пәтер кілтін табыстады Ғабит Сыздықбеков тұрғындарға пәтер кілтін табыстады](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/014d3aa68eacac78.jpeg)
Шымкентте халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында белсенді және ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында Жаңа жыл қарсаңында 183 отбасына жалға берілетін пәтер кілті табысталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Көрме" орталығында өткен кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мегаполис басшысы жаңа қоныс иелерін айтулы оқиғамен құттықтап, қалада жыл сайын тұрғын үй құрылысының қарқыны артып келе жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері Асар-2 және Тұран шағынаудандарында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерден жаңа пәтерлерге ие болды.
Сонымен қатар несиелік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және аз қамтылған азаматтарды ынталандыру мақсатында биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 793 отбасы ипотекалық пәтер алды, оның ішінде 519 отбасы әлеуметтік көмек ретінде өтеусіз негізде тұрғын үй сертификаттарына ие болды. Одан бөлек 877 отбасы жалға берілетін тұрғын үйге орналасты.
Биыл Qamqor өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында 400-ге жуық отбасына несие беру үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлініп, тағы 3 млрд теңге "Отбасы Банк" АҚ тарабынан қаралды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206917-shymkentte-kezekte-turgan-183-turgynga-pater-kilti-tabystaldy/