Ұлттық банк қазақстандықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Қазақстанда алаяқтар азаматтардың жеке деректері мен банктік шоттарын заңсыз жолмен алудың жаңа схемаларын қолдана бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлайды.
Алаяқтардың әрекеті негізінен азаматтардың сеніміне кіруге бағытталған. Олар белгісіз жөнелтушіден гүл шоқтарын жібереді. Кейін жәбірленушілерге хабарласып, өздерін "жеткізу қызметінің өкілдері" ретінде таныстырады. Қаскөйлер жеткізілген гүл шоғын немесе сәлемдемені растау үшін хабарламада көрсетілген кодты айту қажеттігін айтады.
Сонымен қатар пошта жөнелтімдерін алу сылтауымен алаяқтар азаматтарға зиянды сілтемелер жібереді. Мұндай сілтемелерді ашқан кезде пайдаланушыдан жеке деректерін енгізу талап етіледі. Нәтижесінде алаяқтар телефондағы ақпараттарға, соның ішінде банк қосымшаларына қол жеткізе алады.
Алаяқтар мессенджерлер арқылы зиянды файлдарды фотосурет ретінде таратады. Суретті ашуға тырысқан кезде арнайы бағдарламалық қамтылым іске қосылып, құрылғыны басқаруға мүмкіндік береді. Осылайша телефон немесе басқа құрылғы бұғатталып, алаяқтардың бақылауына өтеді.
Қаскөйлер жаңа технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті қолдану арқылы азаматтарды алдай бастады. Олар туыстардың немесе таныстардың дауысын және бейнесін имитациялайды. Осындай әдіспен олар сенімді адам ретінде хабарласып, ақша аударуды немесе жеке деректерді айтуды талап етеді.
Ұлттық банк азаматтарға ерекше сақ болуды ескертеді. Үшінші тұлғаларға құпия ақпарат бермеуге, күдікті қоңырауларға жауап бермеуге, жіберілген сілтемелер мен файлдарды ашпауға шақырады. Мемлекеттік органның немесе ұлттық банктің қызметкері ретінде қоңырау шалған белгісіз адамдардан түскен өтініштерге сенбеу ұсынылады.
Мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, мемлекеттік органның ресми байланыс нөмірі арқылы хабарласқан жөн.
"Егер сіз алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуді ұсынамыз.
Кеңес алу үшін ұлттық банктің байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі бойынша хабарласқан жөн", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2207003-ulttyq-bank-qazaqstandyqtarga-eskertu-zhasady/