"ҚазАвтоЖол" көлік жүргізушілеріне үндеу жасады
Жарияланған күні:
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жол бойында орналасқан әжетханаларға қатысты көлік жүргізушілеріне үндеу жасады. Бұл туралы команияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ұлттық компания өкілдері бірқатар автожолдың бойында пайдаланушылар үшін арнайы санитарлық тораптар орнатылғанын еске салды. Ол нысандарда уақытылы тазалық жұмыстары жүргізіліп, келушілер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.
"Алайда, кейбір азаматтар дайын тұрған дәретханаларға кірмей, олардың сыртына отырып кетіп жатады. Мұндай әрекеттер санитарлық нормаларды бұзып, жол бойындағы нысандардың көркін кетіруде. Бұл басқа жүргізушілерге, жолаушылар мен жол қызметінің мамандарына қолайсыз жағдай тудырады. Сондай-ақ, қоқыс пен қалдықтар қоршаған ортаға зиянын келтіретінін жеткізді", - делінген ресми хабарламада.
"ҚазАвтоЖол" өкілдері көлік жүргізушілерін жол бойындағы мәдениетті сақтап, қоғамдық орындарға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2207085-qazavtozhol-kolik-zhurgizushilerine-undeu-zhasady/