Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Журналист, қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепберген өмірден өтті

Жарияланған күні:

Мейрамбек Төлепберген
Мейрамбек Төлепберген. Скриншот: instagram.com/jambyl_tv

68 жасқа қараған шағында журналист, қаламгер, қоғам қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы Мейрамбек Төлепберген өмірден өтті, деп хабарлайды JAMBYL телеарнасы Instagram-дағы ресми парақшасында.

Мейрамбек Мылтықбайұлы 1957 жылы 13 мамырда Сарысу ауданы, Тоғызкент ауылында дүниеге келген.

Көп жыл баспасөз бен телевизия саласында, мемлекеттік қызметте қызмет атқарған. Сондай-ақ Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған.

2012-2017 жылдары "Қазақстан" телерадиокорпорациясына қарасты аймақтық JAMBYL телеарнасын басқарған. Ол басшылық еткен жылдары телеарнада көптеген тың жоба жарыққа шыққан. Оның ішінде "Сыр перне", "Ауылға кел, ағайын", "Ел мерейі", "Бірлігіміз жарасқан" жобалары бар.

Сонымен қатар телеарнаға көптеген жас маманды тартып, материалдық-техникалық базаның нығаюына ат салысқан.

Қаламгер "Сағасында Таластың бір ауыл бар" (1995), "Қаһарман Бақтыораз" (2000), "Ақиқат алдында" (2002), "Ұлбике" (2002), "Шоқыр" (2003) атты кітаптардың да авторы. Сегіз жинаққа таңдаулы очерктері енген. 

Мейрамбек Мылтықбайұлы Қазақстан президентінің жарлығымен "Ерен еңбегі үшін" медалімен (1999), Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің "Мәдениет қайраткері" белгісімен (2000), "Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы" медалімен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері (1989), бұдан бөлек, Алматы облысының "Балқаш ауданының құрметті азаматы" атағына ие болған. 

Журналист соңғы жылдары Abai tv телеарнасындағы "Сарасөз" бағдарламасын жүргізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2207207-zhurnalist-qalamger-qogam-qairatkeri-meirambek-tolepbergen-omirden-otti/