Top.Mail.Ru

Зектілері

"НЛО" екеніне сенімдімін": ақтөбелік тұрғын ауласына түскен дронға алаңдап, қорғаныс министрлігінің көмектесуін талап еткен

Жарияланған күні:

Ақтөбедегі ахуалдық орталық
Ақтөбедегі ахуалдық орталық. Фото: NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбедегі ахуалдық орталық өкілдерінің айтуынша, тәулігіне 150 қоңырау түседі. Мәселен ақтөбелік тұрғын ауласына адасып келген дронды "НЛО" деп қорғаныс министрлігінен көмек шақыруды талап еткен. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін орталық проблемалық мәселелерден бөлек алуан түрлі сұрақтарды қабылдайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбедегі ахуалдық орталық мәліметінше, су тасқыны кезінде 109 желісіне түскен қоңыраулар саны 10 мыңға жеткен.

Ақтөбе облысында халықтың мәселесін бақылауға алып, сұрақтарды қабылдап, оның орындалуына мониторинг жасайтын ахуалдық орталық тәулік бойы жұмыс істейді. 12 диспетчерден тұратын шағын ұжым тұтас облыс тұрғындарынан қоңырау қабылдайды. 

"Қоңырау қабылдау кезінде арыз бен шағымнан бөлек қызықты жағдайлар да болып тұрады. Бір саяжай тұрғыны хабарласып "саяжай аумағында үш шамы жанып тұрған белгісіз объект жүр. Біздің үйге қонды. Ол "НЛО" екеніне сенімдімін. Ұшқыш табақша мені ұрлап кетуі мүмкін. Қорғаныс министрлігіне хабарлаңыз” деп ер адам көмек сұрады. Қараңғы түскен кешкі уақыт болатын. Беймәлім нысанды "НЛО" деген ер адамды сабырға шақырдық. Кейін қайтара хабарласып бәрінің жақсы екенін нақтыладық",- деді ахуалдық орталықтың бас сарапшысы Индира Кенжалина. 

Ахуалдық орталық басшысының айтуынша, тұрғын "НЛО" деп қабылдаған нысан істен шығып адасқан дрон болып шыққан. Бағдарламасы істен шыққан дрон жеке үйдің үстіне түскен.  

Орталыққа шағымдардың дені қала тұрғындарынан түседі. Маусымды сұрақтар өзекті, қар тазарту, қоқысты уақытында алу, бұралқы иттерге қатысты шағым жиі тіркеледі. 

"Шағымдарға анализ жасалынады. Қандай шағымдар көп. Қай ауданда қандай сұрақтар бар. Ұзақ уақыт бойы шешілмеген сұрақтарға назар аударамыз, тиісті мекемеге жолданады. Ол сұрақ бір адамнан түссе де кері байланыс жасалады. Кейде психикалық ауытқуы бар адамдар да хабарласады. Елестер туралы айтады. Жалғыз тұратын үлкен кісілерден мұндай шағым жиі болады. Ондай кезде 103 және 102 қызметіне хабарласып, участкелік дәрігер, инспекторды жолдаймыз. Көбіне қаңырау нақты шағыммен болады. Көше жарығы, жол керек, қоқыс шығарылмайды деген мәселелер өзекті”,- деді бас сарапшы. 

Ақтөбедегі ахуалдық орталық облыс бойынша шағым қабылдайды. Десе де, Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қаласынан оқыс жағдайларға байланысты көмек сұрайтындар бар. 

"Алматыда қаласында болған жағдайға көмек көрсеткен кез болды. Бір отбасы үш баласымен лифтіде қалып қойған. Алғашында тұрғын үй кешенінің адресін айтты. Кейін ол мекен жайдың Алматы облысы екенін білдік. Негізі біз Ақтөбе облысы аумағындағы шағымды ғана қабылдаймыз. Бұл қоңырау түнгі уақытта болды және қолайсыз жағдайға тап болған адам шарасыз еді. Шұғыл көмекпен байланыса алмаған кезде Ақтөбедегі досына хабарласып үлгерген. Тұрғын үйде жарық сөнген, байланыс үзілген. Жағдайды түсіндік. Мен өзім ТЖД -нің зейнеттегі қызметкерімін. Сондықтан бей-жай қарай алмадық. Осындағы әріптестеріме хабарласып, Алматымен байланыс жасауды сұрадым.  15 минуттан кейін кері байланыс жасағанымда Алматыда құтқарушылар жұмыс жасап жатқанын хабарлады. Көмек сұраған адамнан нақтыладық, олар растап, алғыс айтты. Біз мұндай шұғыл ақпараттан кейін міндетті түрде кері байланыспен нақтылап отырамыз", - деді ахуалдық орталық менеджері Мәншүк Жолдина. 

Ахуалдық орталықта 23 қызметкер бар. Диспетчерлер жұмысын бақылайтын маман, сарапшы, әлеуметтік желі шағымдарын бақылап отырған мамандар отырады. 

Барлық өзекті сұрақтар арнайы мекемеге жолданады. Орталық тек сұрақтарды қабылдап қоймай,әлеуметтік желіні де бақылап отырамыз. Сәйкесінше, ол сұрақтар да біріңғай жүйеге тіркеледі. Әр өтініштің жекелеген нөмірі бар. Сол арқылы тұрғын өз сұрағына қатысты шешімді біле алады. Тұрғындардың көбі шағымды әлеуметтік желіге жариялай салады. Оның шешілу жағына мән бермейді. Айта кетуге болады, 109 қызметінің мобильді қосымшасы бар. Сол жерге суретке түсіріп, сұрағыңызды қосып,  геолакацияны жіберуге болады. Мекен жай жазып отыру қажет емес. Жүйе бірден қабылдайды. Бұл әлеуметтік желіге салғаннан тиімді. Себебі ол сұрақтың орындалуы қадағаланады. Сондықтан нақты шешімге мән беруіміз керек. Тағы бір айта кететін жай  Damumed қосымшасын пайдалана алмайтын үлкен кісілер 109 нөміріне хабарласу арқылы дәрігерге жазыла алады”,- деді Ақтөбе облысы ахуалдық орталығының директоры Ерлан Мұқанов. 

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2207222-aqtobelik-turgyn-aulasyna-adasyp-kelgen-drondy-nlo-dep-qorganys-ministrliginen-komek-shaqyrudy-talap-etken/